КҚК-ға қатысты жағдай: Қазақстанда мұнай өндірісі төмендеді

КҚК-ға қатысты жағдай: Қазақстанда мұнай өндірісі төмендеді
Фото: cpc.ru

Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының жұмысы және мұнай өндіру көлеміне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, қазір ҚКК теңіз терминалында Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылған.

"Консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысаны жарамды, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеу жұмыстарын бастауға дайын. Мұнай өндіруші компаниялар құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты және резервуарлық парктер шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу мақсатында тәуліктік өндіру көлеміне жоспарлы түрде түзету енгізді. Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", - деді министрлік өкілдері.

Қазақстанның Энергетика министрлігі ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр.

"Қазір кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнайдың әлемдік нарыққа тұрақты экспортын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Каспий құбыр консорциумы Ресейдің, АҚШ-тың, Қазақстанның және Батыс Еуропаның бірқатар елінің отын-энергетика кешеніндегі ірі кәсіпорындарының басын қосады. КҚК Қазақстанның үш ірі кенішінен, яғни Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Еске салайық, 20 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарын жүргізіп жатқан NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасағаны хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget