Қазақтар солтүстік жерлерді сыйға алған ба?

Қазақтар солтүстік жерлерді сыйға алған ба?
Фото: kokshetau.online

Еліміздің территориялық аумағының тұтастығына бірнеше жыл бойы түрлі араңдатушылық пікір айтылып келді. Бірі - қазақтар ел солтүстігінде қоныстанбаған десе, енді бірі ол жер "Ресейдің Қазақстанға жасаған сыйы" дейді. Бірақ бұл - шындыққа жанаспайтын, ұшқары пікір. Massaget.kz тілшісі Солтүстік Қазақстан аумағының тарихына шолу жасап, мұндай жаңсақ пікірлерге қарсы деректер келтіреді. 

Солтүстік Қазақстан жерінің тарихын зерттеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ыбыраева зерттеу-мақаласында бірнеше экспедитордың жазбаларына сүйінеді. 

Ғалымның айтуынша, солтүстік жерлер ежелден қазақ жерлері екенін Н. Аристов, А. Андреев, Г. Миллердің экспедициялық еңбектерінен көруге болады.

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл жерлерге найман, меркіт, керей тайпалары Шыңғыс ханмен соғысып, жеңіліс тапқаннан кейін қоныс аудара бастағаны белігілі. Бұл туралы Аристовың "Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности" еңбегінде былай көрініс табады: "...Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұр­ған жерінен географиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдымен наймандар, меркіттер, кейін керейлер".

Ал арғын, керейлердің қазіргі қазақ даласына кең жайылып, қоныстанған жерлері Солтүстік Қазақ­стан екені белгілі. Бұл - бір. 

Енді мұндай деректерді келтірген орыс жылнамашылардың деректеріне сүйенсек, 18 ғасырдың басында өткен оқиғалар туралы құнды деректер беретін "Строгановтың Сібір шежіресі" деген еңбекте Керей Ван ханның (кей деректе Уаң) билеушісі, шын есімі Тоғұрыл, Шыңғыс ханның қуғын-сүргінінен шегініп, қазіргі Ресейдің Түмен қаласының жеріне қоныстанғаны туралы мынадай мәлімет келтірілген: "..Шыңғыс, Ван ханның ұлы Тайбұғыны жібер, қай жерде тұрғысы келсе, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзе­нінің бойына келіп, қала тұр­ғыз­ды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп атала­тын христиан қаласы орна­ласқан".

"Тобольские губернские ведомости" газетінде Сібір түркі­лерінің тарихына арнап мақала жазған Н.Абрамов та Сібір керейлерін Ван ханның ұрпағы ретінде көрсетеді. Бұл - екі.

Үшіншіден, 1836 жылы Сібір митрополиті Савва Есипов "Сібір жылнамасын" жазады. Онда Көшімнің "Қазақ Ордасынан" шыққаны былай сипатталады: "...Қазақ ордасының даласынан Көшім хан көп әскерімен келді".  Ал Көшім хан - Сібір хандығының билеушісі, Түмен ханы Ибақтың немересі.

Ендігі кезекте орыс зерттеушілерінің шекара туралы айтқан деректеріне тоқталсақ. 

Орыстың атақты офицері И.Г. Андреев, 18 ғасырдың екінші жартысында Сібір шекара шебінде ұзақ уақыт қызмет етіп, мынадай жазба жариялаған. Онда: "Бұл халықтың шекарасы, Сібірді алған кезден бастап... Есіл өзенінен қазіргі Есіл қаласы, Тобыл өзені, Қорған қаласы және Тарға құятын өзенге дейін жерді алып жатыр".

1752 жылға дейін Қазақ хандығының Ресеймен шекарасы Петропавлдың солтүстігінен өткенін орыс зерттеушісі Г.И.Спасский 1820 жылы жазып қалдырған: "Орыс қаруларымен Сібірді жаулап алу кезінде қырғыз-қайсақтар немесе сол кездегі Казак Ордасының атымен өмір сүрген: біріншіден, Есіл өзенінен қазіргі осы атаудағы қала, Тобылға дейін. Қорған және Тара өзеніне дейін аумақты алған".

Еске салайық, бұған дейін Ресей тарапынан бірнеше қисынсыз айтылған араңдатушылық мәлімдемелері болды. Тіпті Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведев ВКонтакте-дегі  ресми парақшасында Қазақстан туралы күмәнді жазба жаияланды. Онда ол Ресейдің аумағы мен көршілес елдері туралы жазбасында Қазақстанды "қолдан жасалған мемлекет" деп атады. Кейін жазба 10 минуттан кейін өшіріліп, парақшасының бұзылғаны айтылды. Бұдан басқа Петропавлда ерлі-зайыпты Қазақстанның солтүстігі Ресейдікі деп, экстремистік мәлімдеме таратқан еді. Кейін Сот ерлі-зайыптыға бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек