Солтүстік Қазақстанның Ресейге қосылуын жақтап, мәлімдеме жасаған ерлі-зайыпты сотталды

Солтүстік Қазақстанның Ресейге қосылуын жақтап, мәлімдеме жасаған ерлі-зайыпты сотталды

Петропавл қалалық соты интернет арқылы экстремистік мәлімдеме таратты деп айыпталған ерлі-зайыптыға үкім шығарды, - деп хабарлайды Liter.kz.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі "Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, не қоғамдық бірлестік лидері жасаған, не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер" бойынша қаралған.

Сот мәліметінше, ерлі-зайыпты Солтүстік Қазақстан облысының аумақтық тұтастығы туралы пікірталасқа белсене қатысқан.

"2022 жылғы 11 желтоқсанда ерлі-зайыпты телекоммуникация құралдарын пайдаланып, "Чат Рулетка" қосымшасында мәлімдемесі Қазақстан Республикасының біртұтастығын бұзуды насихаттайтынын түсіне тұра, Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясына қосылуын жақтамайтын басқа тұлғаға қатысты ашық түрде қоғамдық қауіпті мәлімдемелер жасаған", - делінген сот мәлімдемесінде.

Сотталушылар кінәсін жоққа шығарғанымен, сот оны толықтай дәлелденген деп тапты. Сот ерлі-зайыптыға бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Ж. Қадыржанова