Түркия мен Сириядағы табиғат апаты салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, тұрғын үйлер, ғимараттар қирады. Түркияда үйі бар қазақстандықтар жылжымалы мүліктерін сақтандырып қойғанын айтады. Ал Қазақстанда қандай да бір апат болған жағдайда адам өмірі мен тұрғын үйді сақтандыру қызметі жолға қойылған ба? Massaget.kz тілшісінің бұл сауалдарына заңгер Думан Көпбаев пен сақтандыру саласындағы маман Айсәуле Исмагулова жауап берді.
Заңгер Қазақстанда жер сілкінісі секілді қандай бір апат кезінде мүлікті сақтандыру заңдастырылғанын айтады.
"Әрине, заңдастырылған. Сақтандыру компаниялары зілзала, апат кезінде көлік, үй, тіпті қазір адамның өміріне дейін сақтандырады. Сондықтан сақтандыру азаматтардың міндеті емес, еркі. Сақтандыру компанияларымен келісіп, келісім шарт жасасып, үйлерін сақтандыруына болады", - дейді маман.
Бұл жағдайда қаржы сақтандырушы есебінен өтеледі екен.
"Төтенше жағдайлар туындаған кезде жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру нысаны саналатын мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтеледі", - дейді ол.
Ал сақтандыру бойынша маман Айсәуле Исмагулова оның екі түрі барын айтты: міндетті сақтандыру және ерікті сақтандыру. Оның сөзінше, міндетті сақтандыруға әлеуметтік медициналық сақтандыру, көлікті сақтандыру секілді түрлері жатады. Ал ерікті сақтандыруға өмірді, мүлікті сақтандыру жатады екен. Яғни бұл - азаматтардың өз еркіндегі дүние.
"Үй алған кезде сақтандыру талап етілмейді. Тек бір жағдайда сақтандырылады. Қазақстандықтар үйді несиеге алса, банк арқылы ипотекаға алса, банктер өз тарапынан алып жатқан үйдің сақтандырылуын талап етеді. Сол кезде көпшілігі сақтандырады. Одан басқа жағдайда Қазақстанда үйін, мүлкін сақтандыратындар өте аз", - дейді ол тұрғын үйлер туралы.
Маман үйді сақтандыру қызметі де көлікті сақтандыру секілді жүзеге асырылатынын айтты.
"Үйді сақтандыру да көлікті сақтандыру секілді. Полисіңіз бір жылға жарамды болады немесе банк арқылы рәсімдесеңіз, ипотекаңыз қанша жыл болса, сонша жылға бірден ашылады. Банкте алған несиеңіздің сомасына байланысты. Сол соманың 1 пайызына дейінгі мөлшерде сақтандыру сыйақысы болады", - деп түсіндірді маман.
Қазір адам өмірін сақтандыру қызметі де дамып жатыр. Алайда маман бұл Қазақстанда айтарлықтай көп емес екенін жеткізді.
"Адам өмірін сақтандыру Қазақстанға енді-енді келіп жатыр. Елімізде шамамен халықтың 5 пайызы сақтандырылған. Адам дені сау, табыс тауып жүрген кезінде белгілі бір уақыт аралығына полис ашып, өмірін сақтандырады. Бұл - жинақ сақтандыру. Полисті ашып, салған ақша сол уақыт бойы жиналып, уақыт біткен соң барлық ақша қосымша пайыздарымен бірге қайтарылады. Оның артықшылығы неде? Банк депозиті сияқты жүзеге асады. Біріншіден, өміріңіз сол ашылған уақыт бойы сақтандырылып тұрады. Жарақат алып, ауырып қалсаңыз, сақтандыру компаниясы тарапынан төлем ала аласыз. Ашқан полисіңізге байланысты белгілі бір мөлшерде төлем жасалып тұрады. Өмірі сақтандырылған адам опат болса, отбасы мүшелері немесе полисте көрсеткен тікелей мұрагері қайтыс болған адам салған ақшаны емес, сол адамның өмірі сақтандырылған барлық соманы алады. Яғни адам бірінші жылы 200 мың теңге салса, одан кейін жер сілкінісі секілді жағдайлар болса, қаза тапса, оның мұрагері сол адам салған 200 мың теңгені емес, өмірі сақтандырылған 5-6 миллионды алады", - дейді ол.
Маманның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар мен 70 жастан асқандар өмірін сақтандыра алмайды.
"Жарақаттан, ауру-сырқау, ауруханаға түсуден, апаттардан өмірін сақтандыру қызметін таңдай алады. Бұл Еуропа елдерінде көп тараған. Кейінгі жылдары елімізде жұмыс орнындағы міндетті сақтандыру да енгізіліп жатыр", - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.
Сондай-ақ, Түркияда зардап шеккен және қаза тапқандар тізімінде қазақстандықтар жоқ екені айтылды. Алайда СІМ мәліметінше, Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Ал консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр. Кейінірек Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қазақстандық жоғалып кеткені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!