Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады - Скляр

Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады - Скляр
Фото: Midjourney

Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеуніктің айтуынша, нысандардың құны туралы айтуға әлі ерте.

"Станцияның құны техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама дайын болғанда анықталады. Қазір айтуға ерте. Үкіметаралық келісім, ынтымақтастық бойынша барлық мәселе келісу сатысында тұр, кейін Парламентте ратификациядан өтеді", – деді Скляр Үкіметтегі баспасөз конференциясында.

Журналистер Роман Склярдан үшінші АЭС-ті кім салатынын сұрады.

"Үшінші станцияны да (екіншісі сияқты – еск.) Қытай салады. Қазір бұл мәселе тиісті агенттік тарапынан қарастырылып жатыр", – деді ол.

Қазақстандағы АЭС құрылысы

2025 жылы ақпанда Қазақстанда АЭС салынатын орын ресми түрде бекітілді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы алғашқы АЭС салынатын орын болып белгіленді.

Кейінірек ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.

Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget