Қазақстанда АЭС құрылысы қашан аяқталады?

Қазақстанда АЭС құрылысы қашан аяқталады?
Фото: Midjourney

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу мерзімі 7 жылға созылуы мүмкін. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясының құрылысы шамамен қашан аяқталуы мүмкін екенін айтты.

"Байқау шарттары бойынша анықталған индикативті мерзім - 7 жыл", - деді ол.

Агенттік басшысы Қазақстан 2025 жылдың соңына дейін Ресеймен алғашқы атом электр станциясын салу туралы үкіметаралық келісімге қол қоюды жоспарлап отырғанын айтты.

"Өзіміз үшін мерзімін анықтадық. Жыл соңына дейін осы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз", - деді Сәтқалиев.

Сәтқалиевтің айтуынша, атом электр станциясының нақты құны әлі анықталған жоқ.

Қазақстандағы АЭС құрылысы

2025 жылы ақпанда Қазақстанда АЭС салынатын орын ресми түрде бекітілді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы алғашқы АЭС салынатын орын болып белгіленді.

Жуырда ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.

Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget