Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда АЭС салу туралы жол картасын бекітті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачев кездесіп, жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін айқындайтын құжаттарға қол қойды.
"Жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін айқындайтын индикативті жол картасы бекітілді", - деп жазылған хабарламада.
Қосымша "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС мен "Атомстройэкспорт" АҚ ("Росатом" мемлекеттік корпорациясының инжиниринг компаниясы) арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында жобаны іске асыру бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын келісімге қол қойылды.
Қазақстандағы АЭС құрылысы
2025 жылы ақпанда Қазақстанда АЭС салынатын орын ресми түрде бекітілді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы алғашқы АЭС салынатын орын болып белгіленді.
Жуырда ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова