Каспийдегі қайғылы оқиға: үш әскери қызметшінің сүйегі Оралға жеткізілді

Бүгін таңертең Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың сүйегі арнайы рейспен жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйекте өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жергілікті атқарушы органдар қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық шара қабылданып жатыр", - деді БҚО әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Бұл жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!