2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийдегі қайғылы оқиға: аман қалған әскери қызметшінің әкесі ұлының жағдайы туралы айтты

Каспийдегі қайғылы оқиға: аман қалған әскери қызметшінің әкесі ұлының жағдайы туралы айтты
Фото: Видео кадры

Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде аман қалған әскери қызметшілердің бірінің әкесі ұлының жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

19 жастағы Ақжол Темірәлиев қазір ауруханада жатыр. Оның әкесі Тимур Қыдырниязовтың айтуынша, теңіздегі оқиғадан кейін ұлы жансақтау бөліміне жеткізілген, алайда қазір оның жағдайы жақсарған.

"Қазір жағдайы жақсы, Құдайға шүкір. Палатаға ауыстырды. Анасы жанында. Басшылықпен де сөйлестік. Бізге: "Жанында бола аласыздар, ешқандай кедергі жоқ. Ата-анасы ретінде қасында тәулік бойы бола аласыздар" деді. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ", - деді Тимур Қыдырниязов.

Оның сөзінше, 24 қыркүйекте кешке ұлына кірген кезде ол есін жиған, сөйлеп жатқан. 

"Жансақтау бөлімі дегенді естігенде, әрине, қорқасың. Қандай күйде екен деп уайымдайсың. Бірақ оны көргенімде, есін біліп жатыр екен. "Жағдайың қалай?" дегенімде, ол "Құдайға шүкір, бәрі жақсы" деп жауап берді", - деді әкесі.

Тимур Қыдырниязовтың айтуынша, бастапқыда отбасына құтқарылғандар арасында Ақжол бар екені және оның жансақтау бөліміне түскені хабарланбаған.

"Маған ешкім хабарласқан жоқ. Әлеуметтік желіден білдім. Үш сарбаз аман қалғаны, біреуі жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ақпарат шықты. Жасына қарап, бұл біздің балалар, 19-20 жастағы жас сарбаздар екенін түсіндім. Бірақ арасында біздің ұлымыз бар-жоғын білмедім", - деді ол.

Сол сәтте ол жұмыста болған. Жаңаөзеннен шығып, жолда келе жатқанда әскери қызметшілердің тізімі жарияланғанын көрген.

Әкесі ұлынан қайғылы оқиғаның мән-жайын әлі сұрамаған. 

"Қазір ұлыма артық сұрақ қоймаймын. Бір жыл бірге болған жақын достары қаза тапты, мұның бәрін өзі де естіп жатыр. Ол бәрін өзі де біліп, түсініп отыр ғой", - деді ол.

Ақжол Темірәлиев 19 жаста. Әкесінің айтуынша, қазанда ол қызметін аяқтап, үйіне оралуы керек болған.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget