Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан екі күн бұрын Қорғаныс министрлігі Әскери-теңіз күштерінің "Хазар қорғаны-2026" оқу-жаттығуы басталғанын мәлімдеген еді. Ведомство өкілдері іс-шараның ауқымы, мақсаты мен қатысушылар құрамы туралы айтқан болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, оқу-жаттығу стратегиялық командалық-штабтық бірыңғай жоспар аясында Каспий теңізінің Қазақстандағы секторында өтіп жатыр. Оған Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік етеді.
Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштері мен оларға бағынышты бөлімшелердің 500-ден аса әскери қызметшісі, әскери кемелердің экипаждары мен жағалау бөлімшелері қатысып жатыр.
Сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша Жағалау күзеті және Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің күштері мен құралдары тартылған.
"Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдіру, экипаждардың жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыру және белгіленген міндеттерді орындау барысында күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтау", - деп жазылған министрліктің бұған дейінгі хабарламасында.
Маңғыстаудағы трагедия
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша 19 әскери қызметші суға кеткен. Оның 9-ы қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова