Қарағандыдағы көпқабатты үйде шыққан жарылыс пен өрт кезінде бір адам зардап шекті. Ол 8-қабаттан құлағаннан кейін көптеген жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Оның неге секіріп кеткені әлі белгісіз, себебі анықталып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марат Қатпановтың айтуынша, төтенше жағдайдың алдын ала себебі - газ баллоны жарылуы.
Сондай-ақ, көпқабатты үйдің тұрғындары туыстарына, жатақхана мен қонақүйге тұрақтағаны белгілі болды. Үйдің жылумен жабдықтау жүйесінен ақау шықпаған. Әзірге тек электр қуаты жоқ. Ғимарат тексеріледі.
"Барлық 126 пәтердің тұрғыны эвакуацияланды. Қазір жергілікті жерде жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Қазір үйде электр қуаты жоқ. Бірақ жылу бар. Жақын арада үй тексеріліп, тұрғындарды қайтару жөнінде шешім қабылдаймыз. Пәтерлерге оралғысы келетіндер қайтып келеді. Қазір жеті пәтердің тұрғыны университет жатақханасында. Жылыту пункттеріндегі адамдардың бір бөлігі, яғни екі автобус - вахтамен жұмыс істейтіндер. Сонымен қатар, автобустарда ыстық тамақ ұйымдастырылған. Төменгі жеті пәтер ғана зардап шекті. Жоғарыны да, төменді де өрт шарпыған жоқ", - деді Қарағанды әкімі міндетін атқарушы Мейрам Кожухов.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйде алапат жарылыс болғаны хабарланған болатын. Кейін жарылыс болған пәтерден қаза тапқан үш адамның денесі табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!