2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

Жүзіп шығып, досын іздеген: Маңғыстауда аман қалған әскери қызметшінің видеосы тарады

Жүзіп шығып, досын іздеген: Маңғыстауда аман қалған әскери қызметшінің видеосы тарады
Фото: Видео кадры

Әлеуметтік желіде Ақтаудағы төтенше жағдайдан аман қалған әскери қызметшілердің бірінің видеосы тарады. Бұл видеоны блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Ол 19 жастағы Ақжол Темірәлиевтің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Азамат Сәрсенбаевтың сөзінше, 2007 жылы туған Ақжол Темірәлиев - аман қалған әскери қызметшілердің ішінде ауруханаға жатқызылған жалғыз адам.

"Кешеден бері әлеуметтік желіде оның жағдайы туралы түрлі ақпарат тарап жатыр", - деді блогер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Азамат Сарсенбаев (@azamat_sarsenbayev)

Ол судан өз бетінше шыға алған.

"Ол жерде үш адам аман қалған. Қазір Ақжол ауруханада. Ата-анасының айтуынша, ол судан өзі жүзіп шығып, жарты сағаттай досын іздеген", - деді Азамат Сәрсенбаев.

Блогердің айтуынша, қазір жігіттің жағдайы тұрақты. Ол өздігінен жүріп, тамақ ішіп, сөйлей алады.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Маңғыстау облысындағы трагедияға байланысты күдіктілер анықталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget