- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жасаудың өзін жарысып...
"Жасаудың өзін жарысып береді". Қазір қыз артынан келетін дүниеге не қосылып жүр?
Қазақ халқы ертеде қыз ұзатып, келін түсіргенде, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған. Қазір бұл дәстүр дәл сол күйінде сақталмаса да, бүгінге дейін жалғасын тапқан. Соның бірі - ұзатылатын қыздың артынан берілетін жасау. Massaget.kz тілшісі салтын сақтаған Маңғыстау өңірінің тұрғынымен сұхбаттасып, бүгінде жасауға не қосылатынын сұрады.
Қыз жасауы деген не?
Де-Лазари Константин Николаевич.
"Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" атты энциклопедияға сүйенсек, ұзатылғалы жатқан қызға төркіні беретін дүние "жасау" деп аталған. Бұл жайдан-жай берілмеген. Жасау шаңырақ көтергелі отырған екі жастың отбасы болып құралып кетуіне, тұрмысы мен шаруашылығына қажет болар деген ниетпен берілген. Қыз баланың жасауын жинап беру әрбір ата-ананың борышы саналған. Осы еңбекте қыз жасауына ертеде жеті-жетіден, тоғыз-тоғыз заттан қосылғаны айтылған. Бұған тоғыз сиыр, тоғыз тон, тоғыз шапан секілді дүниелер қосылған.
Тілде сақталған "жасауды алтысында жисаң - асады, жетісінде жисаң - жетеді" деген сөздің астарынан қазақ қыздың жасауын кішкентай кезінен жинағанын түсінуге болады. Ал берілетін заттың көлемі төркінінің ауқатына байланысты болған. Әдетте әр зат тоғыз не жеті данадан болған.
"Ағайынның басын қосқан". Жасаудың мөлшері қандай болған?
Қазақ ертеден қыздың жасауын берерде ағайын-туыстың басын қосқан. Осылайша, әр затты екшеп, дұрыс берілуіне назар аударған. Көп болып жасауға жетпейтін кем-кетікті толтырған. Жасаудың көлемі күйеу жақтан берілетін қалың малмен бірдей болған. Ертеде дәулетті адамдар жасауға киіз үйден бастап үйге қажет барлық жиһазды, төсек-орынды, ыдыс-аяқты, қыздың киім-кешегі мен әсемдік бұйымдарын, тіпті ат-көлік, оның әбзеліне дейін, сауын малын да берген.
"Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" атты еңбекте Баймұхаммед сұлтан қызының жасауын 30 түйеге артып, оған қоса жүз шақты жылқы бергені айтылады. Ыбырай Алтынсарин деректерінде ХІХ ғасырдағы қыз жасауына түйе, шапан, кілем, төсек-орын, отау, ат-тұрман, ыдыс-аяқ берілгені көрсетіледі. Дәулеті орташа адамдар барын беруге тырысса, кедейлер көрпе-жастық, киім-кешегін ғана берген. Бір қызығы "қазір артымнан барған өзімнің дүнием" деп саналатын жасауды ертеде күйеу жағының туыстарына үлестіріп беру дәстүрі де болған екен. Бұл жағдайда олар қалағанын алған не енесі таратып берген. Ал қандай да бір жағдаймен әйел өмірден өтсе, оның жасауы төркініне қайтарылған.
"Көліктен бастап". Бүгінде қыз жасауына не беріліп жүр?
Өзге өңірлердің ішінде Маңғыстау салтымен, ұлттық киім үлгісімен ерекшеленетіні белгілі. Қыз жасауына келгенде де, өзге жақтарға қарағанда, бұл жақтың өзіндік дәстүрлері бар. Қазір де бұл үрдіс сақталған. Оған дәлел - жасауға көлік қосып бергені көрінетін Желіде тараған видео.
Видео Instagram-дағы kazaktin_sulu_kelindery парақшасында жарияланған. Көліктің цифрлық коды 12 екенін байқауға болады. Ал бұл - Маңғыстау облысының нөмірі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Маңғыстау тұрғыны өңірде расында да осындай ерекшелік барын айтады. Ақтаулық келіншектің сөзіне сүйеніп, қазір қыз жасауына беріліп жүрген дүниелердің ашық дереккөз мәліметтеріндегі бағаларына шолу жасап көрдік.
Көрпе мен киім-кешек
Бұрын көрпені қыздың әжелері, жеңгелері жүнді сабап отырып, арнайы жасаса, қазір оны тапсырыспен дайындап жатады. Оған қоса қазір қыздың киім-кешегі, түрлі жыл мезгілінде киетін сырт киіміне дейін беріледі.
asem_andrei Instagram-парақшасынан
"2 сандық беріледі. Ішіне 40 түрлі киім салады. Ал көрпе-төсек қазір 250-300 мың теңгедей болады. Сандықтардың бағасы 150 мың теңгеден басталады. Қазір жасаудың өзін жарысып береді. Арзан баға жоқ", - дейді Маңғыстау тұрғыны.
Қыстық тон
Сандық ішіне салынатын киімнің бірі - қыстық тон. Желідегі дүкендердің бағасына сүйенсек, оның бағасы 300-400 мыңнан басталып, ары қарай өсе береді.
Техникалық жабдықтар
Қазір жасауға термомикс, кір жуатын машина, шаңсорғыш, бу үтік қосады. Жеке-жеке қарасақ, фирмасы мен шығарылған еліне байланысты техникалардың бағалары да өзгере береді. Соның ішінде көбі қыз жасауына қосатын Roboclean фирмасының шаңсорғышының бағасына қарасақ, 700 мыңнан басталып 1 000 000 теңге дейін жетеді. Бұл қатардағы құралдардың бағасының бәрі осы шамада.
Еске салайық, бұған дейін әлі күнге сақталған қалыңмал әр өңірде қанша екені туралы материал жарияланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова