"Доллар өсті ғой". Қалың мал қаншадан болып жатыр?

"Доллар өсті ғой". Қалың мал қаншадан болып жатыр?
Фото: © pavlodarnews.kz

Қалың мал - қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі. Қазақта ертеден құда түсіп келген жігіт жақ қызға "қалың мал" төлеуі қажет болған. Этнографиялық деректерде қалың мал төленбейінше, қыз ұзатылмайтыны айтылады. Massaget.kz әлі күнге дейін сақталған осы салтқа қатысты қызық деректерді жинап, бұрын қанша болғанын, қазір қанша екенін салыстырды.

"Құл мен күң". Бұрын қалыңмал несімен ерекшеленген?

Халел Арғынбайұлының деректеріне сүйенсек, бұрын қалың малға төрт түлік мал берілген. Дегенмен саудаға жақындар малды ақшаға айырбастап, ақшалай немесе малға ақша да қосып берген. Ал патриархал-құлдық дәуір кезінде қалың малға құл мен күң де қосыла берген екен. Ғалым мысал ретінде Омбы генерал-губернаторы қорында сақталған деректі келтіреді. Онда ХІХ ғасырдың басында арғынның Досбол атты байы қызының қалың малы үшін бура-найманның беделдісі Мырзабековтен қалың малға қоса, он жастағы қалмақ қызын күңдікке алғаны айтылған.

Түйе, жылқы, қой. Бұрын оның мөлшері қандай болды?

Этнографтың еңбегінде қалың мал мөлшері құдалардың жағдайына, олардың қоғамдағы орнына, мал шаруашылығына байланысты болғанын айтылады. Ол бұл орайда жергілікті ерекшелікке байланысты қалың мал мөлшері өзгеріске түскенін де жоққа шығармайды.

Ғалым ХІХ ғасырдың орта шеніндегі деректерге сүйеніп, Орынбор губерниялық хатшысы Бегловтың мәлімдемесін келтіреді. Онда қалың малға 120 қой, 1 құл (болмаған жағдайда 60 қой), жанама қалыңға  1 түйе, 1 қалың түйе, 1 түс ат, ілуге 3 түйе, 2 жылқы, 1 тоғыз, кейін қыз алуға барғанда, тәрбиесі үшін 2 түйе, отаудың жарты киізі, той малына 20 жылқы, неке қиярға 20 жылқы берілгені айтылады.

Халел Арғынбайұлы мынадай үш түрлі шаманы көрсеткен:

- Ауқатты адамдар арасындағы бірінші шама бойынша 120 қой, 32 жылқы, 5 жасар 4 түйе (міндетті түрде 8 бие болуы қажет). Қазір мал бағасы бұрынғыға қарағанда басқа екенін ескере отырып, орта бағамен есептесек, 120 қой 6 миллион, 32 жылқы 16 миллион, 4 түйе 3 миллион мен 4 миллион аралығында болады.

- Екінші шама бойынша 60 қой, 16 жылқы, 5 жасар 2 түйе. Қазіргі мал құнының орта бағасымен есептесек, 60 қой 3 миллион, 16 жылқы 8 миллион, 2 түйе 1 миллион мен 2 миллион аралығында болады.

- Үшінші шама бойынша 16 жылқы, 2 түйе. Қазіргі мал құнының орта бағасымен есептесек,16 жылқы 8 миллион, 2 түйе 1 миллион мен 2 миллион аралығында болады.

Екінші, үшінші әйелге берілетін қалың мал көлемі өзгере ме?

Қазақта ертеден бірінші әйел бәйбіше деп аталатыны белгілі. Оған өзінің жөнімен қалың мал берілген. Ал екінші, үшінші әйелге қалың мал берілген бе? Тарихшы Халел Арғынбайұлы Алексей Левшиннің еңбектерінен мынадай дерек келтіреді: "Қалың мал мөлшері екінші не үшінші әйел үшін әдеттегіден артық төленеді, бірінші әйелден екіншісі, екіншісінен үшіншісі қымбатқа түседі". Демек қазақ екінші, үшінші әйелге де қалың мал төлеген әрі ол мөлшері жағынан қымбаттай түскен.  

"Үшіншісі - сайқал, төртіншісі - аққолтық". Қазақ әйелдерін қалай атаған?

Бас жақсы, қара мал. Қалың малдың қандай түрлері бар?

Қазақ отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, оның әр бөлігіне баса назар аударған. Қалың малдың да іштей түрлері, әрқайсының берілетін өз жолы болған. Қазір қалың мал, сүт ақысы деген түрлерін білсек, бұрын ол мынадай болған: бас жақсы, қара мал, ілу, той малы, сүт ақы, жігіт түйе. Қазір көбіне қалың малға қоса сүт ақысы беріледі. Ол қыздың анасына арнайы беріледі. Мөлшері 1-ден 7 түйеге дейін болған.

"Әр елдің салты басқа..." Доллар өссе, қалың мал да өсе ме?

Қазір құдандаласудың жолы да, мәні де өзгеріп кеткені белгілі. Дегенмен Қазақстанның әр өңірінде қалың мал беру дәстүрі сақталған. 

Батыс өңірінде, оның ішінде Ақтөбе, Атырау, Оралда қалың мал берілмейді. Бірақ сүт ақысы бар. 

"Ақтөбеде қалың мал жоқ. Бірақ ана сүті бар. Ол 500 мың болады. Әркім жағдайына қарай береді. Ана сүтін беріп жатады, алтын тағып жатады. Әпкем Аралға тұрмысқа шықты. Оларда қалың мал бар, 800 мыңдай әкелді. Одан бөлек бриллиант тақты", - дейді ақтөбелік.

Маңғыстау халқы әлі күнге әр салтты қатаң сақтайды. Жаңаөзендіктердің сөзінше, қазір қалың мал 1 миллион екен.

"Қазір шамамен 1 миллион беріледі. Кейбіреулер 800-900 мың береді. Той малына қой немесе 50-60 береді", - дейді жаңаөзендік.

Шығыста да қалың мал жоқ. Бірақ қалың мал орнына жүретін сыйлықтар бар екен. Бұл бір жылқы бағасына татиды, яғни 500 мың көлемінде, оған қоса той малы беріледі. Жақында ғана тұрмысқа шыққан семейлік ару той малына 500 мың алғанын айтады. Ал Өскеменде бұл 1 миллионға жетпейді әрі қалың мал деп аталмайды екен. Абай облысының аудандарында тек той малы сұралады. Әдетте оған жылқы не сиыр беріледі.

Оңтүстік өңір қазақтың байырғы салтын бұзбай сақтауымен ерекшеленетіні жасырын емес. Соның ішінде Қызылордада қалың мал 1 миллионға жеткен. 

"Келін алып жатырмыз. Миллион беріп жатыр. Біздің жақта ана сүті де беріледі. Әдетте 200-500 мың арасы", - дейді қызылордалық келін.

Шымкентте доллар көтерілгенге дейін 1 миллион болған. Тіпті 2-3 миллион беретіндер де бар екен. 

"Бізде 1 миллион еді, доллар өсті ғой, қазір 1 миллион 500 мың болды. Былтыр жазда маған 1 миллион берді. Бәрі екі жақтың келісімімен болады, жағдайға қарап келіседі.  Бірақ 2-3 миллион сұрайтындар да бар. Жақында бір таныс қыз кетті. Оған 7 миллион алып келді. Негізі әр отбасы өздері келіседі. Бірден кесіп айтпайды. Қазіргі ең аз шама - 1 миллион. 1 миллион болмаса, бірдеңе жетіспей тұрғандай болады. Ана сүті де бар. Ол 200 мың теңгедей болады", - дейді Шарапат есімді Шымкент тұрғыны.

Таразда да баға 1 миллионнан басталады екен.

"Қыздың оқуына, жігіттің жағдайына қарай болады. 1 миллион қалыпты баға деп есептеледі. Одан аз беретіндер де бар. Жалпы 500 мың мен 1 миллионның арасы", - дейді Тараз тұрғыны.

Ал Алматы облысында жағдай әртүрлі. Мәселен, Талдықорғанда қалың мал жоқ. Бірақ ана сүті бар.

"Бізде қалың мал берілмейді. Мал апарады және ана сүті бар. Маған ана сүтіне 200 мың әкелді", - дейді бір ай бұрын тұрмысқа шыққан Алматы облысының тұрғыны.

Шымкентке тұрмысқа шыққан тағы бір алматылықтың сөзінше, бәрі екі жақтың келісімімен жүзеге асады.

"Алматы облысында қалың мал бар, бірақ нақты баға жоқ. Құдалардың келісуіне байланысты. Мысалы, өзім тұрмысқа шыққанда ырым ретінде 300 мың теңге ғана әкелді", - дейді осыдан 4 жыл бұрын Шымкентке тұрмысқа шыққан келіншек.

Орталықта да қалың мал жоқ екен.

"Қалың мал берілмейді. Құдалар бір-біріне тек киіт береді, алтын тағады. Қыздың артынан апаратын дүниесі бар. Біз жақта қаптатып, неше түрлі нәрсе апармайды. Ең керек деген нәрселерді ғана береді. Ана сүті де, қалың мал да жоқ", - дейді Қарағанды облысының тұрғыны. 

Ал солтүстікте, дәлірек Ақмола облысында қалың мал берілмегенмен, "ана сүті", "әке жолы" бар екен.

Әр өңір тұрғындарымен сөйлесу арқылы қалың мал мөлшері түрлі екені байқалды, 500 мың 1 миллион арасында қалың мал беру қалыптасқан. Дегенмен ең бастысы екі жастың бақытты болуы екенін естен шығармаған жөн.

Ж. Қадыржанова