Жанәбіловтерге қатысты іс: сот дүйсенбіге шегерілді

Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот процесі дүйсенбіге, яғни 27 сәуірге шегерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы соттан прокурор Олжас Хайроллаев сұрады. Бұған процестік келісімді талқылау себеп болған. Мемлекеттік айыптаушы мәміле бойынша шешім қабылдау үшін қосымша уақыт сұрады. Оның айтуынша, тараптар келісім шарттарын талқылауы қажет.

Сот отырысты 27 сәуір сағат 15:00-ге белгілеу туралы шешім шығарды.

Бүгін Эльмира Төлегенова сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді. 

Процестік келісім - сот төрелігімен жасалатын мәміле. Айыпталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыппен келіседі, ал прокурор бұған жауап ретінде жеңілірек жаза ұсынады.

Айта кетейік, танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы блогерлердің мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз