Жанәбіловтерге қатысты іс: прокурор блогерлерді қанша жылға соттауды сұрады?

Жанәбіловтерге қатысты іс: прокурор блогерлерді қанша жылға соттауды сұрады?
Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Десе де айыптау тарапы айыпталушылардың кәмелетке толмаған балалары болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескеруді сұрады. Прокурордың айтуынша, ауырлататын мән-жай анықталмаған.

Прокурор блогер Ерболат Жанәбіловті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп тануды сұрады: 214-баптың 2-бөлігі 2-тармағы, 218-баптың 2-бөлігі 1-тармағы.

Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша айыптау тарапы блогердің мүлкін тәркілеп, түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сондай-ақ, прокурор бұлтартпау шарасын үйқамақтан күзетпен ұстауға өзгертуді және оны сот залында қамауға алуды сұрады.

Прокурор блогер Эльмира Төлегеноваға да осындай жаза сұрады.

Айыптаушы тарап оның мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесу қажет екенін мәлімдеді. Десе де Олжас Хайроллаев Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаның орындалуын бір жылға шегеруді сұрады.

Үкім заңды күшіне енгенге дейін Эльмира Төлегеноваға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгерту ұсынылды.

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ, қылмыстық жолмен келген ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру бойынша айыпталып отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget