Жанәбіловтің әйелі соңғы сөзінде тосын өтініш білдірді

Жанәбіловтің әйелі соңғы сөзінде тосын өтініш білдірді
Фото: Tengrinews.kz

Астанада заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деп айыпталып отырған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Бүгін айыпталушы Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол болған жайт үшін жауапкершілікті сезінетінін және өкінетінін мәлімдеді.

"Болған жағдай үшін жауапкершілікті толық сезінеміз. Өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық, бұл біз үшін өмірлік сабақ болды. Заң бұзғанымызға шын жүректен өкінеміз. Маған және жолдасыма кешіріммен қарап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауыңызды сұраймын", - деді блогер.

Сондай-ақ, Эльмира Төлегенова сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді.

"Өз құқығымды пайдаланып, сіз кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш бергім келеді. Процестік келісімнің барлық шарты бізге түсіндірілді", - деді ол.

Судья бұл өтінішті сот тергеуі аяқталғанға дейін беру керек екенін ескертті. Алайда қорғаушы тарап айыпталушылар мұндай өтінішті процестің кез келген кезеңінде беруге құқылы екенін алға тартты. Осылайша төрағалық етуші түскен өтінішті қарау үшін прокурорға бір сағат уақыт берді.

Процестік келісім - сот төрелігімен жасалатын мәміле. Айыпталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыппен келіседі, ал прокурор бұған жауап ретінде жеңілірек жаза ұсынады.

Айта кетейік, бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы блогерлердің мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.

Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget