Жанәбіловтерге қатысты іс: блогерлерге жаңа жаза мерзімі сұралды

Прокурор Олжас Хайроллаев заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деп айыпталған блогерлер Ерболат Жанәбілов және Эльмира Төлегеновамен мәміле жасау бойынша шешім қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайроллаев айыпталушылардың процестік келісім жасасу туралы өтінішін қолдады.

Прокурор Ерболат Жанәбіловке екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, оған мүлкін тәркілеу, шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау ұсынылды.

Эльмира Төлегеноваға түпкілікті екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу және жазаның орындалуын екі жылға кейінге қалдыру ұсынылды.

Айта кетейік, бұған дейін Эльмира Төлегенова сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді. 

Процестік келісім - сот төрелігімен жасалатын мәміле. Айыпталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыппен келіседі, ал прокурор бұған жауап ретінде жеңілірек жаза ұсынады.

Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы блогерлердің мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!