Жанәбіловтерге қатысты іс: блогерлер сот үкіміне шағымданбайды

Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова сот үкіміне шағымдануға ниетті емес. Бұл туралы олардың адвокаты Гауһар Айтжанова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, блогерлер сот шығарған үкімді қабылдаған, апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отырған жоқ.

"Шағым түсіріп, апелляцияға бермейміз. Ең бастысы олар бостандықта. Эльмираның жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды. Оның тарапынан ешқандай заңбұзушылық болмаса, сот оның өкінуін және талап арызды өтегенін ескеріп, әрі қарай жазадан босатуы мүмкін", - деді ол.

Сондай-ақ, адвокат ерлі-зайыптыға әртүрлі жаза берілуі Эльмира Төлегенованың ЖШС иесі мәртебесіне байланысты болуы мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ.

Айта кетейік, танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Еске салайық, 2026 жылы 27 сәуірде Астанада блогерлерге сот үкімі шықты:

  • Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілей отырып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • Эльмира Төлегенова мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі ең төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу 2 жылға шегерілді. Бұл оған берілген жаза мерзімі нақты екенін білдіреді, бірақ ол бірден колонияға жіберілмейді. Кішкентай балалары болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!