Блогер Эльмира Төлегеноваға сот үкімі шықты

Блогер Эльмира Төлегеноваға сот үкімі шықты
Фото: instagram

27 сәуірде Астанада танымал блогер Эльмира Төлегеноваға үкім жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Эльмира Төлегенова мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі ең төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу 2 жылға шегерілді.

Бұл оған берілген жаза мерзімі нақты екенін білдіреді, бірақ ол бірден колонияға жіберілмейді. Кішкентай балалары болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Эльмира Төлегенова сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді. 

Процестік келісім - сот төрелігімен жасалатын мәміле. Айыпталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыппен келіседі, ал прокурор бұған жауап ретінде жеңілірек жаза ұсынады.

Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы блогерлердің мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді. Кейінірек блогерлерге жаңа жаза мерзімі сұралды.

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget