27 сәуірде Астанада судья Әділбек Баймаханов блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты сот үкімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілей отырып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін Эльмира Төлегенова сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді.
Процестік келісім - сот төрелігімен жасалатын мәміле. Айыпталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыппен келіседі, ал прокурор бұған жауап ретінде жеңілірек жаза ұсынады.
Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.
Бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайроллаев блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы блогерлердің мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді. Кейінірек блогерлерге жаңа жаза мерзімі сұралды.
Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова