Жанәбіловтерден тәркіленген көліктер сатылымға шығарылды

Жанәбіловтерден тәркіленген көліктер сатылымға шығарылды
Фото: E-Qazyna

Сотталған блогерлер Жанәбіловтерден тәркіленген көліктер сатылымға шығарылды. Бұл туралы E-Qazyna сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Порталда Hyundai Elantra маркалы сегіз көлікті сату туралы хабарландыру жарияланған, олардың барлығы 2025 жылы шыққан. Сот шешімімен Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан дәл осындай көліктер тәркіленген болатын.

Хабарландырулардың мазмұнына қарағанда, сегіз көліктің барлығы да Zhana Business ЖШС атына тіркелген, оның басшысы - Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова.

Тәркіленген көліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұр.

Көлікті сатып алуға ниетті жандар E-Qazyna сайтында өтініш бере алады, алайда онда көліктің бастапқы бағасы көрсетілмеген. Әр көлікті бағалау құны 8 395 000 теңге болған.

E-Qazyna.kz сайтынан алынған скриншот

Жанәбіловтерге қатысты іс

Айта кетейік, танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

Еске салайық, 2026 жылы 27 сәуірде Астанада блогерлерге сот үкімі шықты:

  • Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілей отырып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • Эльмира Төлегенова мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі ең төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу 2 жылға шегерілді. Бұл оған берілген жаза мерзімі нақты екенін білдіреді, бірақ ол бірден колонияға жіберілмейді. Кішкентай балалары болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget