Жанәбілов пен Төлегенова сотта татуласқан: іс тоқтатылды

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты әкімшілік істі жабық сот отырысында қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта не анықталды?

30 қыркүйекте Ерболат Жанәбілов үйде жанжал шығарып, жұбайының қолынан ұстаған, осылайша, оның тыныштығын бұзған.

"Бұл әрекеттерде қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмаған. Жанәбіловтің әрекеті ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық жасау) бойынша сараланды. Құқықбұзушылық жасалғаны іс бойынша жиналған материалдармен, соның ішінде әлеуметтік желідегі видеомен расталды", - деп жазылған хабарламада.

Сот отырысында Ерболат Жанәбілов хаттамада көрсетілген мән-жайды растап, құқықбұзушылық жасағанын мойындаған.

Жәбірленуші Т. сотта жұбайы ұрып-соқпағанын, олардың арасында келіспеушілік болғанын айтқан. Сондай-ақ, жұбайымен татуласу ниетін растап, татуласу туралы келісімге өз еркімен, шын ниетімен, қандай да бір қысымсыз қол қойғанын жеткізген.

Сот не шешті?

Жанәбілов бұрын осындай құқықбұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны, құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны, өз кінәсін толық мойындағаны және жасаған ісіне өкінетіні анықталған.

Сот жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот тараптар татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Мән-жайы

Айта кетейік, танымал блогерлер Жанәбіловтер отбасы тағы да жұрт назарына ілікті. Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова күйеуімен арадағы жанжал кезінде киім бөлмесіне тығылып, есікті ішінен іліп алғанын мәлімдеді. Бұл жайтты полиция тексерді. 

Астана ПД мәліметінше, 30 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Threads желісінен блогер Э.Т.-ның жұбайы Е.Ж.-мен арадағы жанжалына қатысты үндеуі түсірілген видеоны анықтаған. Бұл дерек бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Ведомство мәліметінше, әйел арыз жазудан бас тартқан.

Алайда Е.Ж.-ға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеті үшін әкімшілік материал толтырылған. Кейін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.

Бұған дейінгі іс

Еске салайық, бұған дейін танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.

2026 жылы 27 сәуірде Астанада блогерлерге сот үкімі шықты:

  • Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілей отырып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • Эльмира Төлегенова мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі ең төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу 2 жылға шегерілді. Бұл оған берілген жаза мерзімі нақты екенін білдіреді, бірақ ол бірден колонияға жіберілмейді. Кішкентай балалары болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!