Иран кемелер Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін 60 күн бойы ақы талап етпейді. Дегенмен бұғаз арқылы өткісі келетін барлық кеме бұрынғыдай Иранның Парсы шығанағын бақылау басқармасына өтініш беруге міндетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елдің Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің мәлімдемесінде бұл шешім Исламабад меморандумы аясында қабылданғаны айтылған.
"Өзара түсіністік туралы Исламабад меморандумына сәйкес 60 күн ішінде өтініш берушілерден ешқандай ақы алынбайды, барлық шығынды Иран үкіметі өтейді", - деп жазылған мәлімдемеде.
Кемелердің Иранның Парсы шығанағын бақылау басқармасына (PGSA) берген өтініштері жедел қаралмақ.
Еске салайық, 17 маусымда АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Онда әскери қимылдарды тоқтату және Ормуз бұғазын бұғаттан шығару туралы мәселелер қамтылған.
"Иран мен АҚШ бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сондай-ақ, бір-бірінің ішкі істеріне араласудан бас тартуға міндеттеледі", - деп жазылған келісім мәтінінде.
Осы жаңалықтан кейін мұнай бағасы төмендеп кетті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!