АҚШ пен Иран келісімге қол қойды

АҚШ пен Иран келісімге қол қойды
Фото: depositphotos.com

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату және Ормуз бұғазын бұғаттан шығару туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы бейсенбіге қараған түні Иран СІМ баспасөз хатшысы Исмаил Багаи мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Исмаил Багаидың айтуынша, рәсім электрон режимде қашықтан өткен және бұған дейін Женевада жоспарланған ресми салтанат қажет болмаған. Құжатқа АҚШ пен Иран президенттері Дональд Трамп пен Масуд Пезешкиан қол қойған. Келісім өз күшіне енген.

Трамп Иранмен меморандумға қол қойылғанын растады.

"Мен оған жаңа ғана қол қойдым", - деді ол Францияда журналистерге.

Axios мәліметінше, Трамп құжатқа Эвиан-ле-Бендегі G7 саммиті аясында Франция президенті Эмманюэль Макронмен кешкі ас ішу кезінде қол қойған.

Press TV телеарнасы Тегеран мен Вашингтон қол қойған меморандумның мазмұнын жариялады.

"Иран мен АҚШ бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сондай-ақ, бір-бірінің ішкі істеріне араласудан бас тартуға міндеттеледі", - деп жазылған мәтінде.

Сонымен қатар, АҚШ пен оның Таяу Шығыстағы одақтастары Иранды қалпына келтіру үшін кемінде 300 миллиард доллар сомасына бағдарлама дайындауға тиіс. Иран ядролық қару өндірмейді және иеленбейді. Тараптар ирандық ядролық материалдар мәселесін АЭХА (МАГАТЭ) бақылауымен шешеді. Иран 60 күн ішінде Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алмауға міндеттеледі.

АҚШ келісімге қол қойылғаннан кейін Иран өз мұнайын қайта сата алатынына кепілдік береді. Ол ондаған жыл бойы санкциялар астында болды. 60 күндік келіссөздер кезеңінен кейін тараптар толыққанды бейбіт келісім туралы уағдаласса, қосымша экономикалық шектеулерді алу жоспарланған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget