Алматы тұрғындары 28 қыркүйекте таңертең екі бірдей жер сілкінісін сезді. Екінші жерасты дүмпуі қала тұрғындарын үрейлендіріп қойды. Massaget.kz тілшісі төтенше жағдайға байланысты сейсмология саласының профессоры Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасты.
ТЖМ мәліметіне сүйенсек, 28 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 06:32-де Қазақстан аумағында жер сілкінісі тіркелген. Алайда Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті "Алматы қаласында сезілген жоқ" деп мәлімдеді.
Десе де қала тұрғындары әлеуметтік желіде бірінші жерасты дүмпуін де сезгенін жазды.
Сағат 09:38-де екінші жер сілкінісі тіркелді. Ресми мәлімет бойынша жерасты дүмпуі Алматыдан 8 шақырым жерде, оңтүстік-батыста болған. ТЖМ мәліметінше, жер сілкінісі былай сезілген:
"28 қыркүйекте болған екі оқиғаның да ошағы қала аумағында орналасқан", - деді Қазақстанның ұлттық деректер орталығы мамандары.
Мамандар Достық даңғылы мен Чайкина көшесі қиылысында орналасқан KNDC станциясынан алынған екі оқиғаның жазбаларын салыстырған.
"Екі сейсмограмманың сипаты өте ұқсас, бұл екі ошақ бір-біріне жақын орналасқанын көрсетеді", - деді мамандар.
Қатты тербеліс өте қысқа болып, бес секундтан аспаған. Мамандар "бірінші жер сілкінісі екіншісінің форшогы" деген пікірде.
Форшок - бірдей сейсмикалық тізбектегі неғұрлым күшті жер сілкінісінің алдында болатын әлсіз дүмпу.
Екінші жер сілкінісі қатты сезілгені соншалық - үрейленген жұрт бұл жолы да далаға шықты. Сонымен қатар, тұрғындар жер сілкінісі кезіндегі дүмпуді "қатты соққы тигендей" деп сипаттады.
Астана уақытымен сағат 13:53-те үшінші жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпуі бұл жолы былай сезілді:
Профессор Әлқуат Нұрмағамбетовтің пікірінше, алғашқы екі жер сілкінісінің эпицентрі де қала аумағында орналасқан.
"Бұл - Алматы қаласы үшін өте сирек кездесетін оқиға. 2014 жылғы қарашада күші 2-3 балл көлемінде тіркелген жер сілкінісінен кейін болған оқиға. Халық қатты сезуі сілкініс ошағы қала астында орналасып, сейсмикалық толқын тік таралуына байланысты. Болған оқиғалар мамандарды көп нәрсені ойландыруға мәжбүр етеді. Алдымен қаламыздың географиялық тұрғыдан қай жерде орналасқанын ұмытпағанымыз жөн. Алматының жан-жағын қоршаған таулы аймақ, олардың қойнауында қарқынды тектоникалық (қозғалыс) процестер үздіксіз жүріп жатыр және олар алдағы уақытта да жалғасады. Болған жер сілкіністері табиғаттың Алматы тұрғындарына "сейсмикалық қауіпті ұмытпаңдар" деген ескертуі деп ойлаймын", - деді маман.
Ғалым алдағы уақытта Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мамандар жер сілкіністеріне байланысты жан-жақты қосымша мәлімет жинауы қажет екенін айтты.
"Табиғи құбылыстар, яғни жер сілкіністері міндетті түрде сол аймақта қайталанады. Бұл - табиғи заңдылық, ол - көпшілікке белгілі қағида. Мәселе мынада: келесі ірі немесе күшті жер сілкінісі қай уақытта қайталанады, оның қайталану мерзімін анықтауға бола ма? Өкінішке қарай, ғылыми тұғыдан бұл мерзімді нақты анықтау әзірше мүмкін емес. Дегенмен сейсмикалық белсенділіктің қарқынды және тыныштық заңдылықтары бар. Бұл табиғи процесс тек жер сілкінісі емес, басқа да табиғи процестерде кездеседі", - деді сарапшы.
Қала тұрғындары әлеуметтік желіде бүгін екі жер сілкінісінде де қатты дауысты естігенін жазды.
"Әдетте күшті жер сілкінісінің ошағы жер бетіне жақын орналасқан жағдайда жер бетіне сейсмикалық толқынның шығуы гүрілдеген дыбыс береді. Мұндай оқиғалар әлемдік практикада кездеседі. Бүгінгі болған жер сілкінісінің күші ондай күшті емес, дегенмен кейбір сайттар жерасты дүмпуінің ошағы бір шақырымда орналасқан деп жазған, осымен байланысты болуы керек", - деді маман бұл турасында.
Еске салайық, бұған дейін бұл сауалға қаланың Төтенше жағдайлар департаменті өкілі жауап берді:
"Сейсмологиялық байқау және зертеулер ұлттық ғылыми орталығының болжам комиссиясының қорытындысына сәйкес сағат 10:30-дағы жағдай бойынша жойқын жер сілкіністері болжанып отырған жоқ. Сабыр сақтауларыңызды және ресми дерекке сенулеріңізді сұраймыз. Жағдай Алматы қаласы ТЖД бақылауында".
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!