Кейінгі жылдары бұралқы иттен зардап шеккендер, қаза тапқандар саны артқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жақында ғана қаңғыбас иттер мәселесін көтерген болатын. Мемлекет басшысы түкпір-түкпірде итке байланысты шағым көп екенін мәлімдеп, жергілікті билік өкілдері шара қолданбай отырғанын, жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін сынаған болатын. Тоқаев шара қабылдауды тапсырды. Ал өңірлердегі жағдай қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.
"Итті қорғайтын заң неге адамдарды қорғамайды?"
"Иә, жануарларға мейіріммен қарауымыз керек, бірақ адамдарға, балаларға қатысты агрессияға жол бермеу керек. Қаңғыбас иттерден зардап шеккендер саны артып келеді. Бұған жол бермеу керек. Шара қабылдаңыздар", - деді Тоқаев.
Депутат Нартай Аралбайұлы да Мәжілістің жалпы отырысында қаңғыбас иттерді қорғайтын заңдағы олқылықтарды шұғыл жою қажет екенін айтқан еді.
"Елден хабар алғанда, кездескенде еститініміз - қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе, құзырлы органдар "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңнан зәредей қорқады. Бізбен кездескен жауапты құзырлы орган өкілдері ұстаған қаңғыбас иттерді жуындырып, екпе салып, тазалап қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастауға мәжбүр екенін айтады. Екпеден итке ес кірмейтіні белгілі, демек олар қабуын тоқтатпайды, ендеше бұл нәтижесіз әрекет емес пе?! Біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғайтын заң неге адамдарды қорғамайды деп сұрағымыз келеді?" - деді депутат.
"Қайта қауіп төндірмейтініне кім кепіл?" ШҚО-дағы жағдай туралы
Шығыс Қазақстан облысында жыл басталғалы 1100-ден аса қаңғыбас ит пен мысық ауланған. Мамандар мәліметінше, бұл жұмыс жоспарлы түрде орындалған. Қазір Өскеменде қараусыз жүрген иттерге торлар мен қоршаулар орнатылып жатыр.
Ал өңірде жануарларды уақытша ұстауға 84 миллион теңге бөлінген. Аулауға 32 миллион теңге, уақытша ұстауға 20 миллион теңге, вакцина салып, зарарсыздандыруға 10 миллион теңге, жануарларды уақытша ұстайтын пункттер жұмыс істеп тұруы үшін 13,2 миллион теңге бөлінген. Tanba KZ ақпараттық жүйесіне қаңғыбас иттерді тіркеп, бирка сатып алу үшін 7,5 миллион теңге қарастырылған.
ШҚО Ауыл шаруашылық басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің бас маманы Мұхтар Жанкебаевтың айтуынша, бұл бағытта кейінгі екі жылда жұмыс күшейген. Әйтсе де мемлекет тарапынан жағдайды реттеу туралы тапсырма түскенімен, нақты қандай шаралар атқарылатыны, қолданылатын әдістер көрсетілмегені жоспардың уақтылы орындалуына кедергі екенін айтты.
"Ит тақырыбы әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Жануарларды қорғаушылар "атпаңдар" дейді, ал тұрғындар "мына ит неге адамға шабады?" деген сауал қояды. Көшедегі итті ұстап, уақытша тұраққа апарып қамау - біршама қиын жұмыс. Иттерді атпау туралы заң күшіне енбей тұрғанның өзінде олар қаладан тыс, ауылдарда да қаптап жүретін. Соған қарамастан, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бір итті аулап, тамақтандырып, зарарсыздандыруға 60-70 мыңдай кетеді десек, көзі ашық кей тұрғындар мұны да есептеп үлгереді. Одан соң чиптеу керек. Иесіз жануарлар паналайтын орын салынып, инфрақұрылымы әзірленіп қойса жұмыс істеуге де тиімді болар еді. Тағы бір тұсы, иттерді екі айдай уақытша ұстап, оны алып кететін адам табылмаса, зарарсыздандырылған соң табиғи ортаға қайта жіберуіміз керек. Ол жақта төртаяқтылар адамдарға қайта қауіп төндірмейтініне кім кепіл?" - деді Мұхтар Қайырғазыұлы.
Ресми мәліметке сәйкес қазір облыста мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар қарамағында қаңғыбас иттерді аулайтын 11 қызмет пен иесіз жануарлар паналайтын 13 орын бар.
Мұхтар Қайырғазыұлының сөзінше, жыл басталғалы қараусыз жүрген 1119 ит пен мысық ауланған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ұсынған мәліметке сүйенсек, қаңтардан бастап бүгінге дейін 136 адамды ит қапқан.
Айта кетейік, ШҚО-да алты жасар қызды алабай талап тастаған болатын.
"10 мыңнан аса ит ауланған". Жамбыл облысындағы жағдай қандай?
Жамбыл облысында биыл панажайлар құрылысын жүргізуге жер телімдері бөлінген. Қазір Мойынқұм, Жуалы аудандарында уақытша ұстау орнындары ашылған.
Жамбыл облыстық ветеринария басқармасы мәліметінше, былтыр қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға "Жамбыл 109" диспетчер орталығына 3359 өтініш түсіп, 19 952 ит пен 410 мысық ауланған.
Ал биыл жыл басынан қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға тұрғындар "Жамбыл 109" диспетчерлік орталығына 1618 өтінім білдірген. Өңірде бүгінге дейін 10 258 қаңғыбас ит пен 48 мысық ауланды.
2023 жылға жергілікті бюджеттен вакцинация, кастрация, зарарсындандыруға, қаңғыбас иттерді сәйкестендіруге және уақытша күтіп ұстауға қаражат бөлініп, 181 қаңғыбас жануар зарарсыздандырылып, табиғи ортаға жіберілген.
2022 жылы облыс бойынша 3433 адамды бос жүрген ит қауып алып, медициналық көмекке жүгінген. Оның 1577-сінде 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер зардап шеккен.
Биыл жыл басынан облыс бойынша 801 адам иттен зардап шекті, оның 310-ы - 14 жасқа дейінгі 310 бала.
"2000 мыңға жуық адамды ит қапты". Ақмола облысындағы ахуал қандай?
Ақмола облысында былтыр 2 мыңға жуық адамды ит қапқан. Өңірде арнайы конкурс арқылы бұралқы иттерді аулауға конкурс жарияланып, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр, бірақ иттен зардап шеккен адамдар азаймай тұр.
Облыстық ветеринария басқармасы деректеріне сүйенсек, былтыр 1696 адамды ит қапса, биыл алғашқы үш айда 319 адам қаңғыбас иттен жарақат алып, ауруханаларға жүгінген.
Ведомство мәліметінше, Ақмола облысында қаңғыбас иттер мен мысықтар санын реттеу мақсатында биыл 96 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде иттерді аулауға 20 миллион 178 мың теңге, түгендеуге 4 миллион 207 мың, егу және зарарсыздандыруға 27 миллион 12 мың, уақытша ұстап бағып-қағуға 45 миллион теңгеден аса қарастырылған.
Бұралқы иттер қаптады: Көкшетауда тұрғындар арасында дау шықты
Бұл қаржыны қаңтарда үш бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алған "ҚазШосҚұрылыс" ЖШС-і алған. Сондай-ақ, облыста бұралқы ит көбейген Атбасар ауданында жеке кәсіпкер Александр Крамарь иеленген. Бірақ бұл ауданда әлі күнге иттерді уақытша ұстау бағдарламасы бойынша конкурс аяқталмаған. Зеренді ауданында иттерге екпе егу және уақытша ұстау бойынша "Дана" сервистік орталығы" ұтып алған. Құзырлы органдар бұл салада жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты.
"Бұралқы иттер мен мысықтар бойынша төрт бағдарлама бар. Бірақ ұйымдастырушалар алғашқыда мемлекеттік сатып алуда тек үш бағдарлама жариялады. Оны облыстың 17 ауданына "ҚазШосҚұрылыс" ЖШС-і жеңіп алды. Кейін тағы уақытша ұстау бойынша жеке ойнатылып тағы осы компания ұтып алды. Бір өкініштісі, бір ғана компания ұтып алғандықтан ол облыстың барлық жағындағы итті аулауға үлгермейді. Ал мемлекеттік сатып алу тәртібі осылай болғандықтан біз ешқандай амал қыла алмаймыз. Әр ауданда жеке аулау компаниясы болса, бұл істі біршама жеңілдетер еді. Сондай-ақ, бұл ветеринария басқармасының функциясына да жатпайды. Малды емдеу, түрлі ауруларға профилактикалық шаралар жүргізу жұмыстары да жетіп жатыр, - дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының бөлімі басшысы Асқар Сейітов.
Басқарма мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 1461 ит ауланған.
Айта кетейік, биыл наурызда бұралқы иттер Атбасарда қала тұрғынының жеті қойы мен қозысын жайратып кеткен еді. Мұндай жағдай Алматы маңында да болған еді.
"224 миллионнан аса қаржы бөлінген". Ақтөбе облысындағы жағдай қалай?
Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы мәліметінше, биыл облыс бойынша ит аулау, күтіп ұстау және залалсыздандыру, сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу үшін 224 миллион 790 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 52 миллион теңге аулау жұмыстарын жүргізуге бағыталса, 135 миллион теңге күтіп ұстауға, 11 миллион теңге сәйкестендіру жұмысын жүргізуге жұмсалады.
Бөлінген қаржы 14 590 қаңғыбас ит пен 1215 мысыққа есептелген. Бүгінде 450-ге жуық ит залалсыздандырылған.
Бұған дейін Ақтөбеде тұрғындар иттен қорқып көшеге шығудан қалғандарын, пышақ байлап жүретіндерін хабарлаған болатын. Ал былтыр Ақтөбеде салынып жатқан нысандардың бірінен 12 жастағы баланың денесі табылған болатын, оны ит талаған.
"259 тұрғынды ит қапқан". Маңғыстау облысындағы жағдай қандай?
Маңғыстау облысында 2021 жылы 1400-ге жуық адам қаңғыбас иттен зардап шекті. Олардың көбі - 14 жасқа дейінгі балалар. Ал былтыр иттердің адамға шабуыл жасау дерегі 11 пайызға өскен.
"Сойыл ұстап жүрміз". Жаңаөзенде баланы ит талап, тұрғындар наразылыққа шықты
Биыл жыл басынан бері аймақта 259 тұрғынды ит қапты. Өңірде биылға бюджеттен 65 миллион теңгеден аса қаражат қаралған. Бұл қаржыға енді иттерді аулау және жою, қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау, есепке алу және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмек.
"Жыл басынан бері 259 адамды ит талаған". Ақтаулықтар көшеде иесіз ит көбейгеніне наразы
"1 мемлекеттік изолятор бар". Астанада қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері жануарлардың шабуылынан 386 адам зардап шегіп, медициналық ұйымдарға көмекке жүгінген.
Елорда аумағында қараусыз жануарларды уақытша ұстайтын 1 мемлекеттік изолятор және иттер мен мысықтарға арналған панажай бар. Оған қоса, қала аумағында 9 жеке панажай бар, әрқайсының аумағында орта есеппен 20-100 шақты қараусыз жануар ұсталады.
Астана қаласының ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімі басшысы Байжігіт Мөлдековтің айтуынша, бұралқы иттер мамандардың бақылауында.
"Қаңғыбас жануарларға қатысты ақпаратты мүмкіндігінше жинақтап, бақылап отырамыз. Астанада оларды аулағаннан кейін уақытша ұстау изоляторына жеткізіледі, ол жерде 10 күн карантинге қойылады. Содан соң, вакцина салынып, зарарсыздандырылады, иелері табылған жағдайда иесіне қайтарылады немесе үшінші тұлғаға берілген күнге дейін екі ай мерзімге уақытша ұстау орнына жіберіледі", - дейді ол.
Қазір Ақсүмбе-1 тұйық көшесі мекенжайындағы қараусыз жануарларды уақытша ұстау изоляторында 2 500-ден аса ит, 300-ден аса мысық бар. Барлық жануар ветеринарлық маманның бақылауында болады. Табиғи себептерден немесе жол көлік оқиғасы салдарынан өлген жануарлардың өлекселері арнайы жабдықталған инсинератор пешінде жойылады.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң қабылданған уақыттан бастап қалада мынадай жұмыстар атқарылған: қаңғыбас жануарлардың санын реттеу шараларының бірі ретінде үй жануарларын есепке алу, яғни чиптеу көзделген. Елорданың үй жануарларын есепке алу үшін 15 000 чип сатып алынған.
Сонымен қатар, қалада үй жануарларын тиімді есепке алу үшін Tanba ақпараттық жүйесі ұйымдастырылған. Қазір бұл ақпараттық жүйеде елдорда аумағындағы 6 750 жануар (5 141 ит және 1 609 мысық) тіркелген, жыл басынан бері 730 үй жануары зарарсыздандырылған, жыл соңына дейін 3 475 жануарды (1 540 ит пен 1935 мысық) зарарсыздандыру жоспарланған.
Былтыр 2 060 жануар (1 850 ит пен 1 500 мысық) зарарсыздандырылған.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда оқушыны бұралқы иттер талап тастағаны хабарланған болатын. Атыраулықтар да көше кезген бұралқы ит көбейгеніне наразы болып, тұрғындардың бірі баласынан итті әрең ажыратып алғанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Атырауда биыл екі баланы бірдей ит талап тастаған болатын. Жетісу облысында көшеде табылған ер адамның өліміне де ит кінәлі болуы мүмкін екені айтылды.
Алматы көшесінде бұралқы ит көрсеңіз, қайда хабарласу керек?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!