"Қаңғыған итті қорғайтын заң неге адамдарды қорғамайды?" Нартай Аралбайұлы депутаттық сауал жолдады

"Қаңғыған итті қорғайтын заң неге адамдарды қорғамайды?" Нартай Аралбайұлы депутаттық сауал жолдады

Депутат Нартай Аралбайұлы Мәжілістің жалпы отырысында қаңғыбас иттерді қорғайтын заңдағы олқылықтарды шұғыл жою қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нартай Аралбайұлы депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. 

"Ағайынның арызы, бұқараның базынасы "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңмен байланысты. Дұрысы Заңды біржақты пайдаланып адамның өміріне бейжай, атүсті қарау десек болады. Елден хабар алғанда, кездескенде еститініміз - қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе, құзырлы органдар "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңнан зәредей қорқады. Бізбен кездескен жауапты құзырлы орган өкілдері ұстаған қаңғыбас иттерді жуындырып, екпе салып, тазалап қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастауға мәжбүр екенін айтады. Екпеден итке ес кірмейтіні белгілі, демек олар қабуын тоқтатпайды, ендеше бұл нәтижесіз әрекет емес пе?! Біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғайтын Заң неге адамдарды қорғамайды деп сұрағымыз келеді?" – деді депутат. 

Оның айтуынша, Үкіметтің алдынғы жауабында заңды жүзеге асыру үшін 2022 жылға 1485, 6 миллион теңге қарастырылғаны жазылған. Оған қоса, жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады делінген. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация, басқа да жұмыстар лайық жүргізілмеген. 

"Оған ел арасында мысал жетіп артылады, Түркістан облысында ит қапқан бала құтыру ауруынан көз жұмған. Бұдан бөлек, Алматы облысы Талғар ауданында ауладан шығып кеткен танадай ит кішкентай балақайдың  бетін, арқасын және жамбасын жарақаттап тастаған. Иттің иесі кішкентай бөбектің ата-анасына 30 мың теңге беріп, жауапкершіліктен құтылмақ болған. Атырауда биыл ақпанында қаңғыбас ит 8 жасар баланы әбден талап тастаған. Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан. Былтыр Ақтөбеде 12 жасар Мадияр есімді балақайды қаңғыбас иттер құрылыс алаңында талап тастады. Салдарынан жеткіншек сол жерде көз жұмды. Тұрғындар құзырлы органдарға "қанғыбас иттер қаптап кетті" деп дабыл қаққан", - деді Нартай Аралбайұлы. 

Бұл ретте депутат "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң күшіне енгелі бері жануарларды оқшаулауға, оларға екпе салуға, стирильдеуге қанша қаражат жұмсалғанын сұрады. 

"Республикалық және жергілікті бюджетті есептегенде нақты қай өңірге қанша қаражат бөлінді? Олардың нысаналы жұмсалуын қай орган тексеріп отыр? Жануарларды ұстайтын орталықтардың техникалық стандарты толық дайын болды ма? Және адамдардың, оның ішінде жасөспірім балалардың, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиіс мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдау үшін тапсырма беруіңіз қажет деп есептейміз. Өйткені жауапты органдар қаңғыбас жануарларға қандай шара қолдану керегін жергілікті атқарушы органдар әлі түсінбейтін сияқты", – деді депутат. 

Сондай-ақ, бұл мәселені шешу үшін ұсынысын айтты. 

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңнамаға өзгеріс енгізіп, заңды іске асыру кезінде кеткен кемшіліктерді жою үшін министрліктің, басқа да өкілетті органдардың құқықтық-нормативтік актілеріне, бұйрықтарына түзетулер енгізіп осы олқылықтарды шұғыл жою қажет", - деді Нартай Сәрсенғалиев.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек