Ерлан Қарин вице-президент болып тағайындалды

Ерлан Қарин вице-президент болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының вице-президенті болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Президент бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынды. Кейінірек Құрылтай депутаттары вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады. 

Ерлан Қарин туралы не белгілі?

Ерлан Қарин 1976 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.

Әр жылдары Қазақстан даму институты Саяси зерттеу орталығында, Қазіргі заманғы саясат халықаралық институтында еңбек етті.

Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарды.

Президенттің кеңесшісі де болды. Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші қызметін де атқарды.

Ол 2026 жылы маусымда Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Вице-президент лауазымы туралы

Жаңартылған Конституцияға сәйкес Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізілді. Бұған дейін Мемлекет басшысы вице-президентті жаңа шақырылымның алғашқы сессиясы басталғаннан кейін екі ай ішінде Құрылтайдың келісімімен тағайындауға тиіс екені хабарланды.

Бұл лауазымға бірқатар қатаң шектеу қойылады: вице-президентке кәсіпкерлікпен айналысуға, жұмысын басқа ақы төленетін қызметтермен қатар алып жүруге, депутаттық мандатқа ие болуға және партияларда мүше болуға тыйым салынады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!