Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында вице-президент және премьер-министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысына қатысып, Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының вице-президенті мен премьер-министрінің кандидатураларын Құрылтай депутаттарымен келісті.

Мемлекет басшысының айтуынша, вице-президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады, сондай-ақ, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді, Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады.
Президент бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынды.
"Ерлан Қарин - елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ерлан Қарин туралы не белгілі?
Ерлан Қарин 1976 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.
Әр жылдары Қазақстан даму институтының Саяси зерттеу орталығында, қазіргі заманғы саясат халықаралық институтында еңбек етті.
Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарды.
Президенттің кеңесшісі де болды. Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші қызметін де атқарды.
Ол 2026 жылы маусымда Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова