Блогер Ерболат Жанәбілов тағы да сот алдында жауап береді. Бұл жолы іс блогер мен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың арасындағы жанжалға байланысты болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысы бүгін, яғни 1 қазанда сағат 16:00-де Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Мән-жайы
Айта кетейік, танымал блогерлер Жанәбіловтер отбасы тағы да жұрт назарына ілікті. Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова күйеуімен арадағы жанжал кезінде киім бөлмесіне тығылып, есікті ішінен іліп алғанын мәлімдеді. Бұл жайтты полиция тексерді.
Астана ПД мәліметінше, 30 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Threads желісінен блогер Э.Т.-ның жұбайы Е.Ж.-мен арадағы жанжалына қатысты үндеуі түсірілген видеоны анықтаған. Бұл дерек бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Ведомство мәліметінше, әйел арыз жазудан бас тартқан.
Алайда Е.Ж.-ға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеті үшін әкімшілік материал толтырылған. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.
Бұған дейінгі іс
Еске салайық, бұған дейін танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылды.
2026 жылы 27 сәуірде Астанада блогерлерге сот үкімі шықты:
- Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілей отырып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Эльмира Төлегенова мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі ең төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу 2 жылға шегерілді. Бұл оған берілген жаза мерзімі нақты екенін білдіреді, бірақ ол бірден колонияға жіберілмейді. Кішкентай балалары болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова