- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Екібастұз ЖЭО жаңартуға...
Екібастұз ЖЭО жаңартуға қанша қаражат қажет? "Павлодарэнерго" басшысымен сұхбат
Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы жылу желісінде болған апаттан кейін кеншілер шаһарында жылу теңгерімі әлі де жеткіліксіз. Күн сайын әр жерден ақаулар анықталып, "Екібастұз жылуэнерго орталығындағы" қазандықтар жиі істен шығып жатыр. Салдарынан жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір уақытқа сол аумақтағы тұрғын үйлерді жылудан ажыратуға тура келеді. Станциядағы қазандықтарды қалпына келтіру үшін қанша қаражат қажет? Тұрғындар қашанғы тоңып отырады? Massaget.kz тілшісінің сауалдарына "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесин жауап берді.
"Павлодарэнерго" АҚ өкілі дәл қазір Екібастұздағы жылу орталығында қанша қазандық жұмыс істеп тұрғанын, жағдайлары қандай күйде екенін айтты. Оның сөзінше, барлық қазандық тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған жоқ, себебі тозығы жеткен.
"Станцияда бүгінгі таңда бес қазандық жұмыс істеп тұр. Әйтсе де, әбден тозғандықтан олар тұрақты қызмет атқарып тұрған жоқ. Бір күні біреуі, екінші күні тағы бірі қатардан шығып қалады. Екі агрегат істен шыққан кезде жылу теңгерімі төмендеп кететіні рас. Ал, біреуі ғана бұзылған жағдайда параметр аса төмен түсіп кетпейді. Ақау шыққан жағдайда жедел түрде қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Қаңтар бойы осындай жұмыстар атқарылды. Осылай көктемге жетсек, жаз шыға қазандықтарға күрделі жөндеу жүргіземіз деп ойлаймыз", - деді "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесин.
Сондай-ақ, ол қазандықтарды қалпына келтіру үшін қанша қаражат қажет екенін де айтты.
"Біз биылғы жылу маусымы аяқталысымен қазандықтарды жөндеу жұмыстарына кірісуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде қажет құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің тізімін жасап әзірлеп жатырмыз. Бір агрегатты жөндеу үшін 800 миллион мен 1 миллиард 200 миллион теңге аралығында қаражат жұмсалады. Орташа есеппен алсақ, әрқайсына 1 миллиард теңге қажет. Бұл жұмыстар бірлескен қаржыға атқарылады. Бюджеттен және станцияның жөндеу компаниясынан бөлінеді деп отырмыз. Қазір оның тетіктері қарастырылып жатыр", - деді ол.
Станциядағы қазандықтардан бөлек сыртта да тозған құбыр желілері бар. "Павлодарэнерго" АҚ бас директорының сөзінше, бұл жылу желілері бойынша бағдарлама басқаша жасалады.
"Жылу желілері бойынша басқа бағдарлама жасалады. Біз қазір жылу желілерін мемлекет меншігіне қайтарғалы жатырмыз. Жергілікті әкімдік балансына алғаннан кейін бюджет комиссиясы арқылы шешетін болады. Ол жерде республикалық транштан бөлінуі мүмкін. Қазір жылу желісін әкімдікке коммуналдық меншікке қайтарып, кейін Екібастұз жылу орталығына сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қарастырылып жатыр. Коммуналдық меншікке қайтарылғаннан кейін әкімдік те модернизация жұмыстарына қатысады", - деді Вадим Лесин.
Айта кетейік, бұған дейін Екібастұзда жөндеу жұмыстарына байланысты бірнеше үй жылудан ажыратылған еді.
Еске салайық, былтыр 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланған еді. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болатыны айтылды. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz