Екібастұзда жөндеу жұмыстарына байланысты бірнеше үй жылудан ажыратылды

Екібастұзда жөндеу жұмыстарына байланысты бірнеше үй жылудан ажыратылды
Фото: elements.envato.com

Бүгін Екібастұзда 65 тұрғын үй, оның ішінде 4 көпқабатты үй жылу желілеріндегі ақауды жою кезінде жылудан ажыратылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екібастұз әкімдігі мәліметінше, жөндеу жұмыстары бірден 8 учаскеде жоспарланған. Марғұлан, 1, Мәшһүр Жүсіп, 58/1, Әуезов, 61/1, Молдағұлова және Шығыс өткелдері, 12-желілік өткел, Шевченко, 30, Оңтүстік өткел, 8-көшелер бойынша жылумен жабдықтау желілерінің ақау шыққан учаскелері ауыстырылған.

Тұрғын үйлердегі жылу жүйесін өшіру сағат 8.00-ге дейін жалғасқан. Жөндеу жұмыстарына 37 адам және бес арнайы техника жұмылдырылған.

"Барлық жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін жылуы ажыратылған үйлердегі жылумен жабдықтау жүйесі қалпына келтіріледі", - деді әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, қарашаның аяғында Екібастұздың барлығы дерлік ЖЭО-да бірнеше агрегат тоқтауына байланысты жылу мен ыстық сусыз қалған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова