Екі тәулік жылусыз отырған Екібастұз тұрғындарының барлық шығынын өтеуге уәде берілді

Екі тәулік жылусыз отырған Екібастұз тұрғындарының барлық шығынын өтеуге уәде берілді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин зардап шеккен тұрғындардың шығынын өтеп беруге уәде етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodar News басылымына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, Екібастұз қаласының әкімі әзірге тұрғындар тарапынан шығын туралы ешбір шағым түспегенін жеткізді.

"Алайда әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында бес жағдай анықталды. Тұрғын үй  инспекциясының мамандарды жіберілді. Акт толтырып, тиісті өтініштерді қабылдаймыз. Техникалық қамтамасыз ету жағынан ешбір қиындық жоқ. 12 жылыту пункті бар. Үйлерінде қалған тұрғындар баспаналарын тастап кеткілері келмейді. Сондықтан көбі жылытқыштар қолданады", - деді Аян Бейсекин.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жылу желілерінен ажыраған үйлер күзетіле ме екені жайлы сұрады. 

"Көптеген тұрғын Павлодарға және басқа жерлерге кетті. Ешбір қиындық туындамауы тиіс. Тұрғын үйлерді бақылауға алуға болады. Шығын толығымен өтеледі", - деді Жұманғарин.  

Облыстық Полиция департаментінің басшылығы жылу желілерінен ажыраған әрбір пәтерге тиісті қызметкерлер бөлінгенін жеткізді.

29 қарашадағы 23.55-тегі жағдай бойынша, Екібастұзда 17 көппәтерлі тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан және 1 әкімшілік ғимарат жылу жүйесіне қосылмаған күйінде қалып отыр. Оларға соңғы учаскедегі апат жойылғаннан кейін жылу қайта берілетін болады. Қалған үйлер мен нысандарға жылу төмен температурамен берілген. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина