Бүгін, 25 қыркүйекте, Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер опат болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылған. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Жалпыұлттық аза тұту күні бүкіл Қазақстанда, соның ішінде мемлекеттік органдардың ғимараттары мен республиканың шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде мемлекеттік Ту төмен түсіріледі.
Сондай-ақ, концерт, фестиваль, шоу және басқа да ойын-сауық іс-шаралар тоқтатылады немесе уақыты шегеріледі. Телевизия мен радиода ойын-сауық бағдарламалары ақпараттық, арнайы хабарлармен алмастырылады. Бұл күні барша халық қайғылы оқиғаға байланысты аза тұтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!