Әзербайжан Каспий теңізіндегі қазақстандық әскери қызметшілердің өліміне байланысты көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әзербайжан СІМ болған қайғылы жағдайға байланысты қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ, Қазақстан халқы мен үкіметіне қолдау білдірді.
"Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі әскери жаттығулары кезінде адамдар қаза табуына байланысты қатты қайғырып отырмыз", - деп жазылғанн хабарламада.
Әзербайжан тарапы хабар-ошарсыз кеткендер тізіміндегі әскери қызметшілер аман-есен табылуына үміт білдіріп, зардап шеккендер тезірек сауығып кетуін тіледі.
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша 19 әскери қызметші суға кеткен. Оның 9-ы қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз