Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде жаппай уланғандар саны артты

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде жаппай уланғандар саны артты
Фото: almaty.fizmat.kz

Алматыда жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) оқушыларының саны 55-ке жетті. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, балалар 12-15 қазан аралығында Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Мектеп оқушыларына медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқастар мамандардың тұрақты бақылауында, оларды емдеу үшін барлық жағдай жасалған.

"Қазір ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты. Жансақтау шараларын қажет ететін жағдайлар жоқ", - деп толықтырды басқарма өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда РФММ-ның 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түскені хабарланды.  

Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушылары арасында ішек инфекциясының 48 дерегі тіркелуіне байланысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, санитария-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Тамақтану блогына тексеріс жүргізіліп, санитария талаптары бұзылғаны анықталған.

Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген және дезинфекция жүргізілген. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget