Алматыда Тоқаев қатысып жатқан форум бір минут үнсіздікпен басталды

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумына қатысып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жиын басталмас бұрын форум қонақтары Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!