әл-Фараби даңғылында үш адам мерт болған жантүршігерлік жол апаты: Александр Пакқа сот үкімі шықты

әл-Фараби даңғылында үш адам мерт болған жантүршігерлік жол апаты: Александр Пакқа сот үкімі шықты
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан жол апатына қатысты сот үкімі жарияланды. Сот Александр Пакты кінәлі деп танып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

22 маусымда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 33 жастағы Александр Пакқа сот үкімі шықты. Судья Еркін Майшинов оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша бойынша кінәлі деп тапты.

Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ, сот 20 жастағы марқұм Т.К.-нің әкесінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, Пакты 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұған дейін марқұмның әкесі 100 миллион теңге өтемақы талап еткен еді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 22 маусымда өткен сотта мемлекеттік айыптаушы Zeekr жүргізушісін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. 

Айыпталушы соңғы сөзінде не деді?

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

22 маусымда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Марқұм Т.К.-нің әкесі ең қатаң жазаны және 100 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді талап етті.  

Ал айыпталушы Александр Пак соңғы сөзінде кінәсін толық мойындайтынын, жасаған ісіне өкінетінін және үш адамның өлімі үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді. Ол соттан бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеруді сұрады. Сондай-ақ, ер адам балалары бар екенін де айтты.

Александр Пак / сот отырысынан кадр

"Қаза тапқандардың жақындарынан шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл - мен үшін өмір бойы ұмытылмайтын трагедия. Жауапкершіліктен жалтармаймын. ... БАҚ өкілдеріне айтарым, олардың көбі менің дәулетім, ата-анам мен отбасым туралы жалған ақпарат таратып жатыр. Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, 20 жасымнан бастап жұмыс істеп, бәріне өз күшіммен жеттім. Миллионердің немесе миллиардердің баласы емеспін. Саяси лауазымды тұлғалармен ешқандай байланысым жоқ. Не тапсам да, адал еңбекпен таптым", - деді Александр Пак.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget