“Байдың баласы емеспін, шенеуніктермен де байланысым жоқ“ - Александр Пак

“Байдың баласы емеспін, шенеуніктермен де байланысым жоқ“ - Александр Пак
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот отырыcы аяқталуға жақын. Бүгін айыпталушы соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

22 маусымда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта тараптардың жарыссөзі басталды.

Айыпталушы Александр Пак соңғы сөзінде кінәсін толық мойындайтынын, жасаған ісіне өкінетінін және үш адамның өлімі үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді.

"Қаза тапқандардың жақындарынан шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл - мен үшін өмір бойы ұмытылмайтын трагедия. Жауапкершіліктен жалтармаймын..." - деді айыпталушы.

Ол соттан бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеруді сұрады. Сондай-ақ, ер адам балалары бар екенін айтты.

Айыпталушы өз сөзінде БАҚ өкілдеріне де үндеу жасады. 

"БАҚ өкілдеріне айтарым, олардың көбі менің дәулетім, ата-анам мен отбасым туралы жалған ақпарат таратып жатыр. Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, 20 жасымнан бастап жұмыс істеп, бәріне өз күшіммен жеттім. Миллионердің немесе миллиардердің баласы емеспін. Саяси лауазымды тұлғалармен ешқандай байланысым жоқ. Не тапсам да, адал еңбекпен таптым", - деді Александр Пак.

Айта кетейік, бүгін сотта мемлекеттік айыптаушы Zeekr жүргізушісін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget