әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан жол апаты: Zeekr жүргізушісін 10 жылға соттау сұралды

әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан жол апаты: Zeekr жүргізушісін 10 жылға соттау сұралды
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы Zeekr жүргізушісін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

22 маусымда сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор судьядан айыпталушы А.П.-ны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Cонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы оған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Прокурор бұл іс бойынша шығарылатын қатаң үкім жүргізушілерге сабақ болуға тиіс екенін мәлімдеді.

"Оқиғаның салдары БАҚ-та жарияланып, қоғамда қызу талқыға түсті. Қылмыстың ауырлығын өлшеу де, орнын толтыру да мүмкін емес. Бұған жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, рұқсат етілген жылдамдық шегінен асырған, оның үстіне масаң күйде болған бір адам кінәлі", - деді прокурор.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget