Премьер-министр Олжас Бектенов тағы да "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының жұмысы сылбыр екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметте көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Олжас Бектенов жыл соңына дейін вокзалдарды реконструкциялауды аяқтауды тапсырды.
"ҚТЖ" компаниясының жұмысы әлі де нашар. Жағдайды жақсарту қажет. (...) Көлік министрлігі "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірлесіп, жыл соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, сондай-ақ, вокзалдарды реконструкциялауды аяқтауы қажет", - деді Олжас Бектенов.
Маусымда өткен Үкімет отырыстарының бірінде премьер-министр Олжас Бектенов теміржол саласы туралы баяндамаларды тыңдап, сол кездегі "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке бекітілген көрсеткіштерді уақтылы орындау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
"Талғат Сағиұлы, сіздің алдыңызда транзиттік тасымалдарды 55 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Алайда менде бар ақпаратқа сәйкес бүгінде жоспарлы көрсеткіштерден 30 пайызға артта қалып келесіздер. 23 млн тоннаның орнына "ҚТЖ" небәрі 16 млн тонна тасымалдаған. Бекітілген көрсеткіштер уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңізде", - деді Олжас Бектенов бұған дейін.
Шілденің басында Талғат Алдыбергенов ҚТЖ басшысы қызметінен босатылды.
Кейін оның орнына Бауыржан Орынбасаров "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!