9 күн өтсе де әке-шешесі қаза тапқан жерден кете алмай отыр. Түркиядағы қазақстандық журналист жағдайды айтты

Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккен қалалардың бірі - Кахраманмараш. Бұл қалада әлі де зілзала салдарымен күрес жүргізіліп, құтқарушылар үйінді астынан адамдарды шығарып жатыр. Massaget.kz тілшісі қазір осы қалада жүрген қазақстандық журналист Әмірболат Құсайынұлымен сұхбаттасып, апаттан кейінгі жайтты сұрады.

Кахраманмараш қаласында 1 миллионнан аса адам тұрады екен. Журналистің сөзінше, апаттан кейінгі қаланың көрінісі жүрекке ауыр тиеді.

"Қаладағы көрініс өте ауыр. Жүрекке ауыр салмақ салады. Тек 1 миллион 200 мың адам тұратын Кахраманмараш қаласының жағдайы өте қорқынышты. Мыңдаған ғимарат қираған. Тоғыз қабатты, бес қабатты, он қабатты, он бес қабатты үйлер жермен жексен болып жатыр. Халық көшеде от жағып жылынып жүр", - дейді ол.

Аман қалғандар бас сауғалап, өзге қалалардағы туыстарына кетіп жатыр екен.

"Қараусыз қалған дірдектеген бала. Бүкіл халықтың көзінен ауыр трагедияны байқауға болады. Құламаған үйлерге де ешкім бармайды. Өйткені қорқып қалған. Қанша адам қаладан кеткені белгісіз. Кеше бір адам 150-200 мыңдай адам басқа қаладағы туыстарына кеткенін айтты. Қайтыс болған адамдар 40 мыңға жақындады. Әлі де 80 мыңдай адам үйіндінің астында екені айтылып жатыр. Үйінділерді аршып жатқан бір-екі техника, КамАЗ-ды ғана көруге болады. Әлі техника бармаған ғимараттар да бар. Оның астында қанша адам жатқаны, қанша адам қалғаны белгісіз", - дейді Әмірболат.

Тіпті табиғи апат болғанына 9 күн өтсе де әлі үйлерінің маңынан алыстай алмай жүргендер бар екен.

"Бір көшенің бойында тұтас көпқабатты ғимараттар опырылған, бір шағынаудан қирап қалған. Сол жерде көшенің ортасында екі жігіт от жағып отыр. Барып көңіл айтып, хәлін сұрап едім. "Мына жерде анам мен әкем басылып өлді. Мына жерді тастап, кете алмай отырмын" дейді. Інісі екеуі ғана қалыпты. Бүгін зілзала болғанына 9-күн. Бірақ олар үйінді астында басылып қалған әке-шешелерінің қасынан кете алмай, суықта дірдектеп отыр. Дала өңменіңнен өтердей қара суық. Жел. Әлі қыс. Көбінің жағдайы осындай", - дейді ол.
 

Жергілікті басылымдар мен шетелдік БАҚ-та апат болған аймақтарда тонау әрекеті жиілегені туралы жазылып жатыр. Журналистің сөзінше, Кахраманмарашта мұндай жағдай байқалмайды.

"Өзге елдің құтқарушылары кетіп қалса да Түркия оларға аса мұқтаж деп ойламаймын. Саяси жағынан Германия бұрыннан Түркиямен текетірес. Олардың мұндай мәлімдеме жасауының астарында саяси оқиға жатыр деп ойлаймын. Себебі кеше қираған қаланы араладым. Ол жерден тонаған, шабуыл жасаған адамдарды, топтарды көрмедім. Тек қайғы жұтқан аналар, жәутеңдеген балалар, қираған үйлердің айналасында жүрген адамдар", - дейді ол қаладағы жағдай туралы.

Сондай-ақ, ол әр жерде шашылып жатқан тамақ пен киімді де байқамағанын айтады.

"Әр елден көмек керек. Соның ішінде жылы матрастар, жөргектер, күнделікті тұрмысқа қажет заттар жетіспейді. Дәл мен барған жерден шашылып жатқан (гуманитарлық көмек - еск.) киімдерді көрмедім. Керісінше жылы, сапалы болса, халық қолдануға мүдделі. Зілзала болғаннан бері халық жуынбаған. Ондай мүмкіндік жоқ. Қалада суық су жоқ. Шай қайнатып ішуге мүмкіндік жоқ", - дейді ол.

Бауырлас түркі халықтары зілзала болған жерлерге киіз үй жіберіп жатыр. Журналистің айтуынша, бұл да аз. Өйткені үйсіз-күйсіз қалғандар саны өте көп екен.

"Кахраманмараш қаласының шет жағындағы ұлттық парктің ішіндеміз. Сол жерде алғашқы келген қазақ үйлерді тігіп жатырмыз. Жанымызға 300-400 метрдей жерге келіп қырғыздар 100-ден аса боз үйін тікті. Бүгін тағы 84 үлкен үй келеді, оның ішінде төртеуі - он алты қанатты хан сарайындай үй, қалғандары бес қанатты, сегіз қанатты. Бәрі жүзден асады. Оның ішінде пеші де, қазан-ошағы да - бәрі дайын. Осы жерде этноқалашық сияқты үйлер тігіледі. Моңғолдар 20 киіз үй жіберді, түрікмендер де келе жатыр деп естідік. Яғни көшпенді халықтың жер сілкінісіне қауіпсіз үйлері осы парктің ішінде болады. Сол жерде халық паналайды, бірақ бірнеше мемлекеттен келген үйлер бәрібір жетпейді. Әлі де мыңдаған киіз үй керек. Баспанасыз қалған адам 10 миллионнан асады", - деді Әмірболат.

Суреттер: Әмірболат Құсайынұлы

Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсетуге болатыны туралы мына жақтан біле аласыздар. 

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді. 

Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді. Ал журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 100 киіз үй жіберуді ұсынды.

Сондай-ақ, Түркияда жер сілкінісінен үш қазақстандық қаза тапқаны белгілі болды. Ал азамат құтқарылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!