Биыл Қазақстан соңғы жылдардағы ең ірі су тасқынына тап болды. Су тұрғын үйлерді басып, жолдарды шайып өтті, мыңдаған мал қорада қалып, суға тұншығып мерт болды, тұрғындар шұғыл түрде эвакуацияланды. Мұндай жағдай біздің елде ғана болып жатқан жоқ, алайда кейбір мемлекеттер табиғи апаттың салдарын барынша азайту үшін түрлі техника мен жолын ойлап тапқан. Massaget.kz тілшісі өзге елдер су тасқынынан қалай қорғанатынын анықтап көрді.
Нидерланды
Нидерланды үшін су тасқыны - басты табиғи қауіп. Мемлекет Солтүстік мұхитпен көршілес жатқандықтан, су тасқынымен күресу үшін ауқымды шара қабылданады.
Нидерланды тұрғындарын су тасқынынан қорғайтын ең үлкен жобаның бірі - "Дельта". Бұл Нидерландының оңтүстік-батысында Рейн атырауындағы жерлерді су тасқынынан құтқаратын қорғаныс құрылымдары.
Алғашында бұл жоба польдер арқылы жүзеге асқан. Польдерлер жиналған суды төмен қарай ашылған құлыптар арқылы ағызады. Кейінірек жерді құрғату үшін жел күші қолданыла бастады. 1634 жылдан бастап жел диірмендері доңғалақ пен архимед бұрандасының көмегімен су соратын. Диірмен суды көтере алатын биіктік шектеулі болғандықтан, голландиялықтар резервуарлар каскады арқылы суды көтеретін бірнеше диірмен сала бастады. Жел диірмендері бу және дизельді сорғыларына алмастырылғанға дейін маңызды рөл атқарды.
Ал қазір Голландия су тасқынымен күресудің жаңа тәсілін ұстанып жатыр. Біріншіден, тұрғындарға су тасқыны қаупі туралы ақпарат таратады. Екіншіден, төтенше жағдайды болжап, су деңгейін басқаруға тырысады.
Малайзия
Малайзия мемлекеті де қауіпті аймақта орналасқан, сондықтан тұрғындарды су тасқынынан қорғау үшін ел астанасы Куала-Лумпурда "SMART" тоннелі салынған. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең үлкен бірінші және Азиядағы екінші тоннел.
Тоннелдің ұзындығы 9,5 шақырым, оның орталық бөлімінің ұзындығы 3 шақырым, бұл екі деңгейлі автокүрежол. Тоннелде қарапайым күндері көлік қозғалысы жүзеге асады, ал су тасқыны болса, тоннелге су жиналады. Тоннел жүйесінің негізгі компоненттері - өзеннің жоғары ағысында орналасқан су қабылдау құрылымы, су жинау және су қоймасы, су бұру тоннелі, тікбұрышты қималы қос су өткізу құбыры және автожол туннеліне кіру/шығу шлюздері. Магистральды желдету жүйесін қамтамасыз ету үшін 15 метрлік төрт желдеткіш білік салынған.
Тоннелдің үш жұмыс режимі бар.
Жапония
Токио ойпатты жерде орналасқан, жаңбырлы және тайфун маусымында су тасқынына бейім. Осыған байланысты қала басшылығы ықтимал апаттардың алдын алу үшін әлемдегі ең үлкен су тасқынына қарсы коллектор салған.
Бұл коллекторлар ресми түрде, "Токиодағы су тасқынына қарсы коллектор" деп аталады. Коллекторлар №16 мемлекеттік автожолдың астында 50 метр тереңдікте орналасқан, олардың жалпы ұзындығы - 6,5 шақырым, диаметрі - 10 метр. Коллектор 5 үлкен құдықтан тұрады, олар бір-бірімен алты шақырым тоннел арқылы байланысқан. Нөсер кезінде су құдықтарға құйылады, құдық арқылы орталық тоннелге, одан резервуарға өтеді және одан Токио шығанағына ағызылады.
Егер жаңбыр мен тайфун кезінде өзендегі су деңгейі көтеріліп, нөлдік биіктікке жетсе, су жақын маңдағы құдық арқылы төмен қарай ағып, барлық құдықты байланыстыратын тоннелге түседі. Тоннел суға толғаннан кейін, ол құдықтың оқпандарына көтеріле бастайды. Деңгей одан әрі жоғарылаған жағдайда су №1 шахтаның жоғарғы бөлігіне қосылған коллекторға құйылады. Бүкіл нысанға шамамен 670 000 текше метр су сыяды. Коллектордағы су деңгейі белгілі бір нүктеге жеткенде, дренаж станциясының сорғылары іске қосылады. Толық қуатпен жұмыс істейтін төрт сорғы секундына 200 текше метр суды сорып, (шамамен бір 25 метрлік бассейн) суды үлкен Эдогава өзеніне төгеді.
Ұлыбритания
Темза тосқауылы - Лондонды су тасқынынан қорғайтын үлкен құрылым.
Темза тосқауылы ені 520 метр өзенді жабатын 9 болат қақпадан тұрады. Құрылымның әрқайсысының биіктігі бес қабатты үйге тең, ағынды 61 метрден төрт сегментке және 30 метрден екі кеме қатынасына бөледі. Бұл ойықтарда өзен түбінде жатқан болат айналмалы сегменттер орнатылған. Қажет кезде салмағы 3700 тонна сегменттер синхронды түрде 90 градусқа бұрылып, ағынды сенімді түрде жабады. Қақпа ашық кезде теңіз түбінде тегіс жатады, осылайша өзеннің еркін ағысына мүмкіндік береді. Ал қақпа жабылған кезде өзенді толық жапқанша, жоғары қарай көтеріледі. Қақпаның іші қуыс және қалыңдығы 1.6 дюйм болаттан жасалған.
"Биылғы су тасқыны 30 жылдағы ең ірісі". Қазақстанда соңғы онбесжылдықта тіркелген апаттарға шолу
Тағы да оқи отырыңыздар: Қадір түні ұйықтамау керек пе?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз