"Биылғы су тасқыны 30 жылдағы ең ірісі". Қазақстанда соңғы онбесжылдықта тіркелген апаттарға шолу

"Биылғы су тасқыны 30 жылдағы ең ірісі". Қазақстанда соңғы онбесжылдықта тіркелген апаттарға шолу
Фото: Massaget.kz коллажы

Қазақстан өңірлерін тағы да су басты. Биыл Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстардағы тұрғындардың үйлері суға кетіп, аула аумақтары мен жолдарды су алды, қарапайым халық адал еңбегімен тапқан мал-жайынан айырылды. Дегенмен көктем келіп, күн жылыса, қысы бойы жиналған қар еріп, су тасқынының болуы еліміз үшін таныс жағдай. Бұған қарамастан табиғи апат жыл сайын қайталанады. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі соңғы 15 жылда ел аумағында болған ірі су тасқындарына шолу жасады.

2010 жыл

2010 жылы 12 наурызға қараған түні қатты жауын-шашын мен еріген қар суы жиналып, Қызылағаш су қоймасының бөгетін шайып өтті. Салдарынан ауыл су астында қалды. 

Су тасқыны Қазақстан тарихындағы ең жойқын оқиғалардың біріне айналды. Су тасқыны салдарынан 45 адам қаза тапты, оның сегізі бала; 300 адам жарақат алды. Ауылдағы үйлердің 80 пайызға жуығы қирады: 146 тұрғын үйді биіктігі екі метр толқын шайып кетті, 251 үй қатты зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, кентке және басқа да объектілерге келтірілген залал 8 миллиард теңгеден асты, сол уақыттағы есепке сәйкес, бұл сома 50 миллион доллардан асады.

Фото: Voxpopuli.kz

Су қоймасын қалпына келтіру үшін бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы бөлінсе, Үкімет төтенше жағдайдың салдарын жоюға 600 млн теңге бөлген болатын. Оның дені материалдық көмекке, қалған 100 миллионы баспана салуға жұмсалған. Ал туыстарынан бір түнде айырылған отбасылардың әр жоғалтқан адамына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден берілген еді. Сол жылы мамырда қызылағаштықтарға салынған 145 үйдің алғашқы партиясы тапсырылды. Біраз уақыттан кейін тағы 188 баспананың кілті табысталды.

2011 жыл

2011 жылы Батыс Қазақстан облысында бес аудандағы 38 елді мекенді су басқан, 2600 тұрғын үй, 7146 саяжай ғимараты бүлінген, жүздеген бас мал өлген. Су тасқыны салдарын жою үшін 19 миллиард теңге (130 миллион доллардан астам) жұмсалған. Бұл сомаға мектеп, аурухана, жол, электр желілері мен газ құбырларын қалпына келтірілді.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің суреті

2012 жыл

2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тоғыз аудандағы 23 елді мекенді су басып, 254 үй мен мың жеке аула су асқында қалды.

2013 жыл

2013 жылы Қостанай облысында үш аудандағы сегіз елді мекенді су басып, 94 тұрғын үй су астында қалды.

Сол жылы Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында еріген қар суы жиналып, Көкпекті су қоймасының бөгеті бұзылды. 149 үй топан су астында қалып, 38 тұрғын үй қирады. Бес адам қаза тапты. Тұрғындар 85 бас ірі қара, 304 бас ұсақ мал, 109 шошқадан айырылды. 

2014 жыл 

2014 жылы Ақмола облысының бес ауданындағы 13 елді мекенде 429 тұрғын үй су астында қалды.

2015 жыл

2015 жылы Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары және 48 елді мекен, сондай-ақ облыстың тоғыз ауданындағы екі қыстауды топан су басты. Еріген қар суы бөгет, көпір, автожол, тұрғын үйлерді қиратып, жолындағының бәрін шайып әкетті. 2 121 тұрғын үйді су шайып, оның 170-і қирады. 1 711 бас мал өлді. Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божконың айтуынша, су тасқынынан келтірілген залал шамамен 9 миллиард теңге.

2015 жылы су тасқынынан Қарағандыдан бөлек, Ақмола, Солтүстік, Павлодар облыстары да қатты зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, барлығы 50 елді мекенді су басып, 11 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған.

2016 жыл

2016 жылы тағы да Қостанай, Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болды. 43 елді мекендегі 513 тұрғын үйді, 190 автожолды су шайып өтті. Табиғи апаттың себебі - еріген қар суының жиналуы.

2017 жыл

Қысы бойы жиналған қар еріп, өзен деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы 52 кент су астында қалды, республикалық және жергілікті маңызы бар 120 автожол сумен шайылды.

Ақмола облысы Атбасар қаласында жағдай өте күрделі болды. Бір жыл бұрын ғана салынған бөгет бұзылып, 269 тұрғын үй мен жаңадан жөнделген мектепті су басты. Қаладан 1300 адам эвакуацияланды.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны соңғы жарты ғасырдағы бірнеше рекордты жаңартты. Яғни Сергеев су қоймасы жота арқылы толып, 3,38 метр көтеріліп, деңгейі рекордтық белгіні тіркеді. Сондай-ақ, Петропавл маңында Есіл өзені мен Пестрое көлінің тасқын сулары қосылып, жолындағы елді мекендерді қиратты. Су тасқынының ауқымы жойқын болды. 4 мыңға жуық адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр болды, 15 елді мекенде 380 үй су астында қалды, оның он бөлігі және 5 мыңнан астам саяжай толығымен қирады.

Ақтөбе облысы ІІД баспасөз қызметінің суреті

Қостанай облысы ауылдарында 32 аула, 27 үйді су басты. Барлығы 105 адам эвакуацияланды.

Ал Ақтөбеде 579 саяжай мен аула су астында қалды, оның ішінде бесеуі қирады. 1 361 адам эвакуацияланды. Ресми деректер бойынша Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға төлеу керек өтемақының жалпы сомасы 160 миллион теңгеге жуыды.

2018 жыл

2018 жылы былтырғы жағдай қайта қайталанды. Алғашқы су тасқыны Алматы облысында тіркелді. Аймақтың ТЖД мәліметтері бойынша, ақпанның соңында бірнеше аудандарда су тасқыны болды. Сондай-ақ, жауын-шашын жауып, қар еріп 6 автожолды су басты, 1 мыңға жуық адам эвакуацияланды, ал су басқан кенттер саны 164-ке жетті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, су тасқынына қарсы іс-шараларға, оның ішінде траншея, арық, дренаж жүйелерін салуға және техника сатып алуға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы біршама ауданды су басуына жауын-шашын себеп болды. 11 наурызда Аягөзде төтенше жағдай жарияланды. Ресми дерек бойынша, онға жуық үй қирап, тұрғындардың мүлігі мен малы зардап шекті. Аягөз бұл өңірдегі су астында қалған жалғыз аудан емес. Тек Шығыс Қазақстанда шығын екі миллиард 205 миллион теңге болды.

2020 жыл

2020 жылы мамырда қатты жаңбырдың салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ірі су тасқыны болды. Мыңнан астам үй, мектеп, балабақша, аурухана және басқа да нысандар зардап шекті, толығымен қирады. 30 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, тек өсімдік шаруашылығы бойынша залал шамамен 404 миллион теңге болды.

Фото: Tengrinews.kz

2022 жыл

2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында жиналған қар еріп, 185 тұрғын үй, 78 саяжай үйі және екі әлеуметтік нысан су астында қалды. Құтқарушылар 1165 адамды эвакуациялады. Ақтөбеде ондаған ауыл су астына кетті. 15 жастағы қыз қаза бола жаздады, бірақ жергілікті тұрғындар құтқарып үлгерген. Қарағандыда қала тұрғындары су тасқынымен күресуге тырысқанымен, техниканың шеткіліксіздігіне байланысты бұл мүмкін болмады. Осындай жағдай ондаған басқа елді мекендерде де байқалды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2022 жылы су тасқыны болған өңірлер бойынша зардап шеккен тұрғындарға төлеу керек өтемақының жалпы сомасы 15 млрд теңге болған.

2023 жыл

2023 жылы ақпанда Түркістан облысындағы бірнеше аудандарда су тасқыны басталды. Ресми ақпарат бойынша, облыс бойынша бір үйді су басып, 234 үйдің ауласына су кірген. Тасқын кезінде 204 адам эвакуацияланды, оның 111-і бала.. 

2024 жыл

Биыл Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы елді мекендерді су басты. Бүкіл ел бойынша зардап шеккендерге көмек көрсету пункттеріне 20 000 ерікті тартылды. 13 659 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 250 бала. Бұл ретте мемлекеттік авиацияның тартылған әуе кемелерімен 1655 адам эвакуацияланды, оның ішінде 425 бала. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 6 034 адам, оның ішінде 2 386 бала бар. Ауыл шаруашылығы жануарларының 10 684 басы қауіпсіз жерлерге айдалды. 49 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.

"Биылғы су тасқыны 30 жыл бойы ең ірі саналған 2012 және 2017 жылдардағы су тасқыны ауқымынан асып түсті", - деді Президент су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә