2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

12 әскери қызметшінің қазасы: қызметке салғырт қарау бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр

12 әскери қызметшінің қазасы: қызметке салғырт қарау бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр
Фото: gov.kz

Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қазасын тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен әскери оқу-жаттығу кезінде көз жұмған әскери қызметшілердің қазасына байланысты үкіметтік комиссия отырысы өтті.

Қандай баптар бойынша тергеу жүргізіліп жатыр?

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).

Тергеу аясында ведомствоаралық жедеу тергеу тобы құрылып, бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. Жұмысқа тиісті мамандар тартылып, сот сараптамалары тағайындалған.

Қанат Бозымбаев болған оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде толық анықтап, қайғылы жағдайға кінәлі тұлғаларға тиісті шара қабылдауды тапсырды.

Отырыста қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына ерекше назар аударылған. Премьер-министрдің орынбасары мемлекет тарапынан оларға әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілетінін айтты.

"Заңда көзделген материалдық көмектен бөлек, көмектескісі келетін азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді. Олардың біреуі қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлді. Сондай-ақ, бірқатар ірі бизнес өкілі де материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Сурет: gov.kz

Қанат Бозымбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесіп, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталған барлық қаражат дұрыс бөлінуін бақылауды тапсырды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, осы оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылған. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget