- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 маусымнан бастап...
1 маусымнан бастап Қазақстанда не өзгереді?
1 маусымнан бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс болады. Massaget.kz тілшісі маңызды өзгерістерге шолу жасады.
- Маусымнан бастап құрылыс компанияларына талап күшейеді
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада құрылыс компанияларына талап күшейетінін айтты.
"Маусымнан бастап бірде-бір құрылыс компаниясы инженерлік желілер салынып жатқан немесе енді жобаланып жатқан учаскелерде жаңа нысандардың құрылысын бастай алмайды. Осыған дейін оларға желілердің құрылысы жүріп жатқан учаскелерге тұрғын үй кешенін салуға рұқсат етілген. Бірақ нысандардың құрылысын аяқтау мерзімі желілердің уақытымен сай келмегендіктен, бұл мәселе тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Себебі нысандарды уақытша желілерге қосу керек болды. Енді алдағы уақытта қажет желілердің, яғни электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, нөсер, тұрмыстық кәріз және т.б. орнатылған учаскелерге ғана тұрғын үй кешенінің құрылысын бастауға рұқсат беріледі", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
depositphotos.com
- Маусымда ауа райы қандай болады?
Маусымда еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы жоғары, яғни ыстық болады деп болжанып отыр. Республиканың басым бөлігінде ауаның орташа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы,Түркістан облыстарының басым бөлігінде және Қарағанды облысының оңтүстігінде температура норма шамасында болады.
Маусымда жауын-шашын мөлшері де норма шамасында күтіледі. Тек еліміздің оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерінде нормадан аз болуы мүмкін. Олар: Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары және Ақтөбе облысының оңтүстік-батыс аумағы.
depositphotos.com
- Маусымда құрғақшылық деңгейі қандай болады?
Маусымда Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында, Маңғыстау облысының Маңғыстау және Қарақия аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында, Қарағанды облысының Шет ауданында құрғақшылық болады.
Алайда Қазгидромет мамандары маусымда ыстықпен қатар жауын-шашын да жақсы болатынын мәлімдеді.
depositphotos.com
- Маусымда қанша күн демалыс бар?
Биыл маусымда Қазақстанда діни мереке атап өтіледі. Соған орай қазақстандықтар демалады.
Құрбан айт қашан атап өтіледі?
2024 жылы Құрбан айт мерекесі 17 маусымға сәйкес келеді. Дегенмен діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін.
Айт - мұсылмандардың ұлық мейрамы. Ислам дінінде екі айт мейрамы бар. Ол Ораза айт, Құрбан айт деп аталады. Ораза айт отыз күн ораза біткеннен кейін шәууал айының 1-3 күндері өтеді. Құрбан айт Ораза айттан соң 70 күннен кейін басталып, үш күнге созылады.
ҚМДБ
Одан бөлек маусымда бес күн жұмыс істейтіндер 11 күн демалады:
- 1, 2, 8, 9, 15, 16, 17, 22, 23, 29, 30 маусым.
Алты күн жұмыс істейтіндер 6 күн демалады:
- 1, 8, 15, 17, 22, 29 маусым.
Massaget.kz ұсынған 2024 жылға арналған күнтізбе
Қазақстандықтар 2024 жылы қалай демалады?
2024 жылы қазақстандықтар қалай демалады?
- Астанадағы бір көше жартылай жабылады
Астанада Қабанбай батыр даңғылының бір бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты жартылай жабылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Қабанбай батыр даңғылының Сығанақ көшесінен Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
"29 мамыр мен 3 маусым аралығында учаске жартылай жабылады. Бұл ретте бір жақтан екі бағытқа да қозғалыс қамтамасыз етіледі", - деп жазылған хабарламада.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан өз бағытын алдын ала жоспарлау сұралды.
- Оқушылар демалысқа шығады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, елімізде 2,9 миллион бала жазғы демалысын 10 743 демалыс орнында өткізеді.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"Оның ішінде 10 мың бала жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру орталықтарында, 240 мың бала қала маңындағы, 2,6 миллион бала мектеп қабырғасындағы, 75 мың бала шатыр мен киіз үй лагерінде демалады", - деді Ғани Бейсембаев.
182 демалыс орнының 150-і 1-10 маусым аралығында жұмыс істейді. Қалған 32 демалыс орны 15 маусымда жұмысын бастайды.
- Магистратура тестіне тіркеу басталады
1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау басталады. Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 8 шілдеге дейін тіркелуге болады. Тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.
Министрліктің баспасөз қызметі
Магистратураға түсушілер 13 мыңға жуық білім беру грантына үміткер бола алады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова