- Негізгі бет
- Музыка
- Үскірік - табиғат...
Үскірік - табиғат құбылыстарының үні
Үскірік – қазақ халқының ертеден келе жатқан музыкалық аспабы. Ол сазсырнай, бұғышақ, керней, желбуаз, сыбызғы т.с.с. қазақтың ұлттық үрмелі аспаптарының қатарына жатады. Дауысы қаһарлы қыс мезгіліндегі ызғарлы желдің дыбысына ұқсағандықтан, оны ел арасында «Үскірік» деп атап кеткен. Кейбір аймақтарда аспап «Уілдек» деген атпен таралған.
Үскіріктің сипаты, болмысы, ойналу мен жасалу әдіс-тәсілдері біраз жылдар бойы белгісіз болып кеткен. 1974 жылы Маңғыстау өлкесінде қазба жұмыстары жүргізілген кезде, көне қоныс мекенінен табылған. Қазақтың музыка аспаптарының шығу тарихын зерттеуші-ғалым Болат Сарыбаев шексіз еңбегінің арқасында аспап ұлттық аспаптар оркестрі мен фольклорлық ансабмльдерінде пайдалана бастады.
Аспап саздан жасалады. Жалпы ұзындығы 8-10 см, аумағы 12-14 см, биіктігі 5,8 см болып келеді. Екі жағында ойықтар болады. Ойықтың саны орындаушының ойнау шеберлігіне байланысты. Ойықтың біреуін үрлей отырып, орындаушы басқа ойықтарды саусақтарымен басып, әртүрлі дыбыстар шығарады. Үскіріктен шығатын үн аң-құс, табиғи құбылыстардың дыбысына ұқсайды. Содан болар, аспаптың тасбақа, түйе, құсқа ұқсайтын неше түрлі пішіндері бар. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, бұл аспапта балалар ойнап, жеңіл әндерді орындаған. Өкінішке орай, аспапта орындалатын шығармалар сақталмаған.
Бұл күнде үскірік аспабы ұлттық аспаптар оркестрі мен фольклорлық ансабмльдерінде кеңінен қолдануда. Әсіресе, шығармада кездесетін судың сылдыры, желдің уілі, құстардың сайрауы, қамыс-қорған суылы, ағаш-талдың сыңсуы сияқты дыбыстарды үскірікті үрлеу арқылы шығарады.
Суреттер "Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары" кітабынан алынды
Ғ. Ұзақ