Бұғышақ (бұғашақ) – көне саз аспабы

Бұғышақ (бұғашақ) – көне саз аспабы

Бұғышақ (бұғашақ) – көне саз аспабы. Марал және бұғы мүйізі не сүйектерінен жасалады. Мүйізді үңгіп, үрлейтін жағындағы ұшына дыбыс шығару үшін тілше салынады. Ол дыбыстың еркін, күшті шығуына ықпал етеді. Ұзындығы 28-30см.

Бұғышақ аспабын шеберлер әр түрлі етіп жасайды. Мүйіз ішін тазартып, сыртқы жағын оюлармен өрнектейді.


Аспап ертеде аңшылар арасында кең таралған. Марал мен бұғы өсірушілер аңдарды бір жерге жинау үшін аспапты пайдаланған. Аспаптан шығатын үн бұғы мен марал дауысына ұқсайды. Сондай-ақ, аспапты аңшылар бір-бірінен адасып қалғанда не болмаса аң-құстың қайда тұрғанын білдіру үшін қолданған. Бұл аспапты ел арасында «бұғы шақырғыш», «бұғы сыбызғы» деп те атайды.

Үрмелі аспапты, сонымен қатар, әскербасылар қолданған. Ол сарбаздарды бір жерге жинап, шайқас алдында олардың рухын көтерген.

Өзге халықтарда да бұғышақ аспабына ұқсас аспап кездеседі. Алтай халқында аспапты «абырға», хақас халқы «пырғы» деп атайды. 

Форумда талқылау

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ