- Негізгі бет
- Музыка
- "МузАРТ LIVE" жобасында...
"МузАРТ LIVE" жобасында қыздар белсенділік танытуда
Жуырда ұлттық арнада "МузАРТ LIVE" мега-жобасының тұсауы кесілген болатын. "МузАРТ" тобы көпшілік көрерменнің алдында байқау арқылы ізбасарларын анықтайды.
Жобаның онлайн-іріктеуіне 16-25 жас аралығындағы жігіттер қатысу керек болғанымен, қыздар жағы да белсенділік көрсетуде. Ол туралы топ әншісі Сәкен Майғазиев инстаграм парақшасында: "Онлайн іріктеуді қиындатып жатқан тағы бір мәселе бар, ол қыздар! Аруларымыз жоба шартына қарамастан белсенділік танытуда. Шығармашылық ұжым жоба шарты жайында барынша толыққанды ақпарат беруде. Дегенмен, қыздар жағы ережені ескеруден бас тартқан сыңайлы. Олар болашақта Музарт тобының әншілері продюсерлік қызметпен айналысады, демек қыздардан құралған топ жасақтауы да мүмкін дейтін көрінеді. Әрине, бәрі де мүмкін, бірақ бұл жобаның шеңберінде емес. МузартLive тек жігіттердің ән жарысы!"-деп жазды.
Қатысып жатқан жігіттердің де өнерлі екендігін айтқан әнші іріктеудің оңайға түспейтіндігін тілге тиек етті. "Ал, жігіттер жағы ерлеуде. “Ел іші өнер кеніші” демекші үміткерлердің басым бөлігі “сен тұр, мен атайын” дейтіндер. Тіпті жас шамасы жетпейтін жеткіншектердің өзі додаға ілесіп кететіндей арынды. Ереже баршаға ортақ, сондықтан да жасы жетпеген немесе өтіп кеткен үміткерлер іріктеуден шеттетілуде"-деді әнші.
Сонымен қатар әнші жобаның кең ауқымда өтіп жатқанын атап өтті. "Музарт Live” мега-жобасына онлайн іріктеу басталғалы екі апта болды. Жоба сайты арқылы жарияланған бәйгеге қатысушылар саны өте көп. Статистиканы сөйлете кетсек, сайтқа бүгінгі күнге дейін 3500-нан астам өтініш келіп түсті. Орташа есеппен алғанда әр бес минут сайын өтініш тіркелуде. Жобаның үшінші айналымына, яғни телевизиялық түсірілімге бары-жоғы 60 үміткер іріктелетінін ескерсек бәсеке өте жоғары! Жобаның бас кейіпкерлері “Музарт” тобының әншілері онлайн іріктеуге жіберілген бейнематериалдарды сараптауға кірісіп кетті. Онлайн іріктеу алысты жақындатып, жақынды бауырластырып жатыр. Еліміздің түкпір түкпірінен келген өтініштерді айтпағанда шетте жүрген қандастарымыз да аса белсенділік танытуда. Оладың арасында шет елдерде білім алып жүрген студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері бар. Түркия, Қытай, Моңғолия сияқты қазақтар көп шоғырланған елдерді былай қойғанда Еуропа, Африка, Америка құрлықтарынан да жіберілген өтініштер тіркелген", - деп жазды Сәкен Майғазиев.
Н. Үсенова